Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында еліміздің даму жолының жаңа тетіктерін айтып берді. Жаңа технологиялар қарқыны көз ілеспес жылдамдықпен көш бастаған заманда тың жаңалықтың, жаңашылдықтың қоғам үшін де қажеттігін айқын жеткізді. Елбасы «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде» деген еді.
Биыл Жамбыл өңірі үшін табысты жыл болып, экономиканың барлық салаларында өсім байқалды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен өңірді өркендетудің нақты жоспарлары жасалып, облыс аудандарын аралаған, жұмыс барысымен танысқан әкім аудан басшыларына нақты тапсырмалар беру арқылы аудан және ауыл ахуалын жақсартуды басты мәселе етіп қойды. Нәтижесінде өңірдің барлық аудандарында түрлі салалар қарқынды дамыды. Сондай-ақ, көне шаһар Тараз қаласын абаттандыру жұмыстары да ойдағыдай жүзеге асырылуда.
Облыс орталығында біршама өзгерістер байқалып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптасып келеді. Айта кетсек, «Жеңіс» саябағы қайта күрделі жөндеуден өтіп, бүгінде көпшіліктің қызыға тамашалайтын орталығына айналған. Саябақтағы жаңадан орнатылған даңқты батыр Бауыржан Момышұлының ескерткіші, «Ерлік» мемориалдық кешені халқымыздың батырлығы мен тектілігін айғақтап тұрғандай. Жыл басынан бері толастамаған мұндай жұмыстар әлі де жалғасын табары сөзсіз.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырсақ, өнеркәсіп саласы 7,2 %-ға ілгерілегендігін көрсетеді. Осылайша көрсеткіш 254,0 миллиард теңгені құраған. Өсім кен өндіру өнеркәсібінде 13,3 %-ға (29,6 миллиард теңге), өңдеу өнеркәсібінде 6,7 %-ға (180,5 миллиард теңге), сумен жабдықтау, кәріз жүйесі қалдықтарының жиналуын және таратылуын бақылауда 0,2 %-ға (2,3 миллиард теңге) артуы есебінен қамтамасыз етіліп отыр.
Сондай-ақ, Жамбыл өңірінде ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік мол. Сонымен қатар, аймақта мал басын асылдандыру, егін орағы жұмыстары да тиісті деңгейде жүргізілуде. Бүгінде, ауыл шаруашылығында нақты көлем индексі 103,6 %-ды құрап, 106,6 миллиард теңгеге жеткен. Оның ішінде көрсеткіш өсімдік шаруашылығында – 105,6 %, яғни 34,6 миллиард теңге, ал мал шаруашылығында – 102,7 %, яғни 71,6 миллиард теңгені құраған.
Бүгінгі таңда, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі тиісті кезеңмен салыстырғанда 5,5 %-ға артып, 141,8 миллиард теңгені көрсетсе, құрылыс көлемі 8,2 %-ға көбейіп, 59,7 миллиард теңгеге жеткен. Бұл ретте мыңдаған азаматтың баспаналы болуына мүмкіндік туды.