Брюссельде «Азия-Еуропа» (АСЕМ) Форумының 12-ші саммиті ашылды. Басқосуға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің меншікті тілшісі. Ашылу рәсімінен соң көшбасшылар Бельгия Королі Филиптің қатысуымен Корольдіктің өнер және тарих музейінде өтетін кешкі асқа барады. Жоғары деңгейдегі екі күндік кездесуге 21 азиялық, 30 еуропалық мемлекеттің жетекшілері, сонымен қатар 2 институционалды серіктестердің (ЕО пен АСЕАН) өкілдері қатысуда. Биылғы жылы лидерлер «Жаһандық қауіп-қатерлер алдындағы жаһандық серіктестік» атты тақырып аясында пікір алмаспақ. Самммиттің бағдарламасы екі пленарлық сессиядан тұрады. Олар қаржы-экономикалық мәселелер мен жаһандық қауіп-қатерлерге қатысты. Сонымен қатар өңірлік және халықаралық проблемаларға қатысты пікір алмасуға арналған бейресми сессия бар. Мұнда басты назар сауда мен инвестициялар көлемін арттыру, өзара ықпалдастық, тұрақты даму мен климаттың өзгеруі сияқты мәселелер бойынша Азия мен Еуропа арасындағы ынтымақтастықты дамыту және Форумды нығайтуға бағытталатын болады. Кездесуде оған қатысушылар сонымен қатар жаппай қырып-жою қаруларын таратпау, терроризм, киберқауіпсіздік пен заңсыз көшіп-қону сияқты қазіргі заманғы қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерлерге қатысты мәселелелерді талқыламақ. Айта кетейік, Қазақстан Орталық Азиядағы «Азия-Еуропа» Форумына мүше жалғыз ғана мемлекет. АСЕМ серіктес мемлекеттердің үлесіне әлемдік ІЖӨ-нің 65 проценті, әлемдік сауданың 55 проценті мен жер тұрғындарының үштен екісі тиесілі. Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Брюссель қаласына «Азия-Еуропа» Форумының (АСЕМ) 12-ші саммитіне қатысу үшін келген болатын. Бүгін Бельгиядағы Корольдік сарайында Қазақстан Президенті Бельгия Королі Филиппен кездесті. Сонымен қатар, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Брюссель қаласында Еуропаның іскер топтар өкілдерімен кездесті.