БАЙЗАҚ АУДАНЫ ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАУДА

Жамбыл облысы
22.10.2018, 23:05

 

Жамбыл облысының Байзақ ауданында Елбасының халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы насихатталды.  Жиында ауылдық округ әкімдері мен қаржы саласы өкілдері Жолдауда айтылған міндеттерді іске асыру жолдары тұрғысында ой бөлісті. Оған ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Айбатыр Жұмағұлов пен ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Сырым Мәдиев қатысты.

Негізгі алты бағыттан тұратын саяси құжаттың мәні мен мағынасына жеке-жеке тоқталған Байзақ ауданы әкімі Рахматілдә Рахманбердиев, оның қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, орта және шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, халықтың өмір сүруіне қолайлы әрі қауіпсіз қоғамдық орта құруға бағытталғанына назар аударды. Ел Президентінің Жолдауындағы әрбір тармақты, ондағы міндеттерді ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен байланыстыра баяндап берді.

 

Ал, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің орынбасары Айбатыр Жұмағұлов Жолдауда айтылғандай, ел экономикасын алға сүйрейтін, атап айтқанда, индустрияландыру, өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үй, туризм, агроөнеркәсіп сынды салаларға нақты тоқталып, өз ойымен бөлісті.

– Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – ол қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, орта және шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, халықтың өмір сүруіне қолайлы әрі қауіпсіз қоғамдық орта құруға бағытталған. Бүгінде барша қазақстандықтар Жолдаудағы алдымызға қойылған міндеттерді орындауда. Жолдауды насихаттап халыққа дұрыс жағынан жеткізе білу біздің міндетіміз, – деді Айбатыр Нышанбайұлы.

Жиында жарыссөзге шыққан азаматтар тыңдалып, соңы пікір алмасып, сұрақ-жауап түрінде жалғасын тапты.

 

Бұдан бөлек Жолдауды насихаттауға Байзақ ауданына ҚР  Парламенті Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев ауданға арнайы келіп, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.

Сенатор Мұратбай Сматайұлы Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанның жеткен жетістіктерін, оған Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты нәтижесінде қол жеткенін айта келе, Жолдаудың негізгі басымдықтарына жеке-жеке тоқталып, кең көлемде түсінік берді.

«Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы мерзімі мен мағынасы, салмағы жағынан да өзгеше болды. Президент: «Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты» болады деді. Бірінші кезекте Елбасы халық табысының өсуіне мән берді. Осы ретте Елбасы Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни, 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды», – деді Мұратбай Жолдасбаев.

Ал, сенатор Абдалы Тоқбергенұлы Жолдауда айтылған тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат құру тиімді сыртқы саясат, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерісіне атсалысуы мәселелерi бойынша нақты мысалдармен, талдай отырып түсіндіріп берді. Өмір сүру деңгейінің артуы – әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты екенін атап өтіп, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі секілді әр азаматқа, әр отбасына қатысты мәселелерге ерекше тоқталды.

Осы орайда, Елбасының: «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын» деген ұсынысы жиналғандар тарапынан зор қолдау тапты.

«Жастардың заманға сай білім алуы – еліміздің болашағын жарқын ету жолындағы аса маңызды іс. Педагог мәртебесінің өсуі жастарға білім және тәрбие беру бағытындағы жұмыстарға үлкен серпіліс, оң өзгерістер әкеледі. Бұл заң арқылы мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін игіліктер қарастырылып, олар жөнсіз тексерулерден, басқа да жүктемелерден құтылатын болады», – дей отырып, жиын қатысушыларын аталмыш заң жобасына қатысты ұсыныстар беруге және белсенділік танытуға шақырды.

Жиынды қорытқан аудан әкімі Рахматілдә Сегізбайұлы сенаторларға Елбасы Жолдауындағы өмір сапасын арттыру бағытын атап өтіп, аудан экономикасын көтеру мақсатында 21 елдімекенді газбен қамтамасыз ету, 23 елдімекенге таза ауыз су тарту мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етулерін сұранды. Өз кезегінде Сенат депутаттары кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлерді зерделеп, оң шешілуіне атсалысатындықтарын жеткізді.

Сұхбат

PhotoRoom