ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ: "РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ". ТЫҢ ЖОБАЛАР

Жамбыл облысы
08.11.2018, 14:28

Бүгін Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуни­ка­ция­лар министрлігінің «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингте аймақ басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстарды жан-жақты әңгімеледі.

Өңір басшысы Жамбыл облысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісті. Атап айтсақ, «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламалары мен «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру», «100 жаңа кітап», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» және «100 жаңа есім» арнайы жобалары бойынша ауқымды бастамалар қолға алынып отырғанын жеткізді. Жүйесін тапқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталған облыс әкімі, 2017 жылы жалпы құны 1,1 млрд. теңгеге 22 жоба жанданғанын, биыл 3,8 млрд. теңгеге 133 жоба мен 66 іс-шара іске асырылатынын тілге тиек етті.

 

 

 

 

Өз сөзінде Асқар Исабекұлы қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмыстарына да айрықша тоқталды. Жамбыл облысында қазіргі таңда жоғары оқу орындарында латын әліпбиін оқытатын арнайы кафедралар ашылып, «Латын әліпбиінің негіздері» оқыту курстары енгізілгенін хабардар етті. Алдағы уақытта облыстық «Jambyl» телеарнасынан «Жаңа әліпбиді бірге үйренейік» атты телебағдарламаның тұсауы кесілетіндігін жеткізді.

Сөз соңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын алға тарта отырып, киелі Әулиеата өңірінің өзіндік ерекшеліктерін, құндылықтарын жаңғыртып, оны одан әрі дәріптеп, насихаттау басты мақсат екенін айтты.

Баяндама жасалғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері облыс әкіміне бірқатар сауалдарын қойды. Ең алдымен журналистер облысқа қарасты елді мекендерді денсаулық сақтау нысандары мен емдеу орталықтарымен қамтамасыз ету мәселесінің қалай шешіліп жатқанын сұрады. Бұған Асқар Исабекұлы 2018-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау ұйымдарының инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарына сәйкес, 82 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар, Тараз қаласынан 200 төсекті облыстық онкологиялық диспансерінің құрылысын бастауға республикалық бюджеттен биылға 750,0 миллион теңге қаралғанын жеткізді. Ал, жалпы нысанның жобалық құны – 13,9 млрд. теңге.

Сұхбат

PhotoRoom