Елбасы Н. Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында «Тараз-Арена» спорт сарайы облыста дене шынықтыру мен спортты дамыту мақсатында кешенді жоспарларды іске асыруда. Бұл туралы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында «Тараз-Арена» ШЖҚ МКК спорт сарайының директоры Нұрлан Саурықовтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды. Спикер «Тараз-Арена» спорт сарайының 2018 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстары» туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Облыста дене шынықтыру мен спортты дамыту, тұрғындардың денсаулығын нығайту, жастарды рухани тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық-спорттық жарыстарды ұйымдастырып өткізу бағытында аталмыш спорт сарайында бірқатар іс-шаралар атқарылған.
-"Спорт кешенінің бес ауысымдағы өткізу қабілеттілігі, сыртқы алаңдарды қосқанда 15 спорт түрімен 2500-ға тарта спортшы бір күнде спортпен шұғылдануға мүмкіндік алады. Жалпы спорт залдарының саны – 12 - әмбебап залы, кіші спорт залы, ауыр атлетика залы, тренажер залы, бокс залы, грек-рим және еркін күрес залы, үстел теннисі залы, таэквондо залы, дзюдо залы, спорттық би залы, тир, жүзу бассейні бар", - деді Нұрлан Байұзақұлы.
Айта кетсек, спорт сарайының алғашқы қазығы 2011 жылдың 30 мамырында қағылды. Құрылысқа жалпы құны 5 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Спорт сарайы 2013 жылдың қыркүйек айында халық игілігіне пайдалануға берілді. Жалпы жер телімінің көлемі - 8 гектарға жуық, спорт сарайының жалпы көлемі - 25 144 м2, спорт алаңшаларының ауданы - 17 709 м2.
Сонымен қатар, спорт сарайында алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қажетті дәрі-дәрмектермен жабдықталған медициналық арнайы кабинет те бар. Барлық спорт залдар арнайы қажетті заманауи стандартқа сай спорттық құрал-жабдықтармен қамтылған.
Ақылы қызмет көрсететін спорттық жайлардың баға прейскуранты Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан бекітіледі.
Спорт сарайының жалпы функционалдық мақсаты - спорт түрлері бойынша республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарды, оқу-жаттығу жиындарын және жаттығу процесін өткізу болып табылады. «Тараз-Арена» спорт сарайында дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар Елбасының 2010 жылдың 29 қаңтарындағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан Халқына Жолдауында тұрғындардың 30 пайызын жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту және 2012 жылдың 27 қаңтарындағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан Халқына Жолдауында барлық спорт нысандарына тұрғындардың қолжетімділігі жөніндегі тапсырмаларды орындау барысында 2018 жылдың 10 айында келесі жұмыстар атқарылды:
Облыстық спорт басқармасына қарасты 12 спорттық мекемесінің спортшылары «Тараз-Арена» спорт сарайының спорттық жайларында спорттың (жүзу, су добы, заманауи бессайыс, волейбол, баскетбол, қол күресі, бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, қазақ күресі, үстел теннисі, таэквондо, дзюдо, оқ ату, көгалдағы хоккей) түрлерімен тегін айналысады. Сондай-ақ, мекемелердің жаттығу кестесі «Тараз-Арена» спорт сарайының директорымен арнайы бекітіліп, әр залға ілінген. Әмбебап залы мен кіші спорт залын жыл басынан 20-ға жуық түрлі мекемелер (әр айда өзгеріп отырады) спорттың кіші футбол, волейбол түрлерімен айналысу үшін ақылы түрде пайдаланады. Бұл негізінен спорт сарайының қыс маусымындағы табыс көзі болып табылады.
10 айдың қорытындысы бойынша 29 жасқа дейінгі 3 207 адам, 30 жастан жоғары 4 779 адам спорт сарайының (бассейн, тренажер залы) ақылы қызметтерін пайдаланып, жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылданған.
Нұрлан Саурықовтың айтуынша, Қ. Сарымолдаев атындағы балалар үйінің 25 тәрбиеленушісі, көпбалалы отбасыларынан шыққан мектеп жасындағы 712 оқушы бүгінгі күнге дейін бассейнді тегін пайдаланса, ҚР «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау» туралы Заңына сай І, ІІ топтағы және бала кезден мүгедек 106 адам бассейнді, 27 адам тренажер залын тегін пайдалану құқығына ие болып отыр. Ал 7 жасқа дейінгі балаларға жүзу бассейндерін қолдану тегін.
Сондай-ақ мектеп оқушылары, орта және жоғарғы оқу орнының студенттері, барлық санаттағы зейнеткерлер спорт сарайы спорттық жайларының баға құнын 50 пайыздық жеңілдіктер арқылы пайдаланады. Ал, жалпы тұрғындарға «Тараз-Арена» спорт сарайы ұжымы тарапынан қаңтар айында тренажер залы мен бассейннің жылдық абонементтеріне, ал маусым айында жартыжылдық абонементтерге 50 пайыздық жеңілдік жасалады. Білім, медицина, спорт саласының қызметкерлеріне жылдың кез келген уақытында жұмыс орнынан анықтама алып келген жағдайда, жартыжылдық, жылдық абонементтерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар, спортшылардың спортпен шұғылдануына толық жағдай жасалған. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы пандустар орнатылған, зағип жандарға татильді жолдар, сипап сезу тақтайшалары жасалған, әжетханалар мен жуыну бөлмелері қайта жабдықталған. Жоғарғы қабаттарға көтерілу үшін лифт жұмыс жасайды.