НҰР ОТАНДЫҚТАР «ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ» ЗАҢЫНЫҢ ЖОБАСЫН ӘЗІРЛЕУГЕ КІРІСТІ

Жамбыл облысы
17.11.2018, 23:51

Мұғалім мәртебесін көтеретін уақыт жетті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл маңызды құжат өз кезегінде мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, білім саласының дамуына тың серпін берері сөзсіз. Осы орайда облыстық «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған жұмыс тобы іс-шаралар легін бастап кетті.

Арнайы отырысты партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов ашып, жүргізіп отырды. Иә, Қазақстан президенті экономикадағы, әлеуметтік саладағы, өңірлік дамудағы қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаға арналған іс-қимылдың кешенді бағдарламасын ұсынды.

Жолдаудың әлеуметтік сипаты Елбасы саясатының халықтың әл-ауқатын жақсартып, азамат-тарымыздың өзекті мәселелерін шешуге бағытталғанын көрсетеді. Ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру, білім беру мен медицинаға кететін шығындарды көбейту және басқа да бағыттардың әлеуметтік жаңғыруымызға серпін беретіні сөзсіз.

– «Ұстазым-ұлағатым» акциясы арнайы жасалған жұмыс жоспарына сәйкес партия облыстық филиалы тарапынан іс-шаралар ұйымдастырылады. Білім саласының мамандары және білікті заңгерлер, мұғалімдер, БАҚ өкілдерінен арнайы екі жұмыс тобы құрылды. Бірінші жұмыс тобы жоспарға сәйкес елді мекендерде ұстаздармен кездесулер өткізіп, партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде мұғалімдерді қабылдайды және олардың ұсыныстарын жинақтайды. Сонымен қатар, жақсы ұсыныстарды облыстық және қалалық газеттерде «Мұғалім мәртебесі» айдарында жариялауға атсалысады. Ал екінші топ Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында «Педагог мәртебесі» заңының жобасын дайындайды. Аталмыш іс-шаралар бір апта көлемінде жүргізіліп, заң жобасы дайындалады. Осы уақыт аралығында әлеуметтік желілерде «#Ұстазымұлағатым», «#Педагогмәртебесі» хэштегтерімен ұсыныстар жинақталып, екінші топқа ұсынылады, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы.

Жиынға қатысқан бір топ ұстаздар қауымы да өз ұсыныстарын айтты.

– Мұғалімнің мәртебесін көтеру бойынша ұсыныстар осы уақытқа дейін талай мінберлерде көтерілді. Енді заң аясында өзгеретіндігі қуантады. Ал халықтың, оның ішінде ұлағатты ұстаздардың ой-пікірлері ескеріліп, заңның қабылдануына өз үлестерін қосатындығы нұр үстіне нұр. Бүлдіршіндерден бастап тәлім-тәрбие, білім беретін жандардың айлық жалақысының төмендігі, қатысы жоқ іс-шараларға мұғалімдердің жегілуі бәрі-бәрі алдағы қабылданатын заң аясында қорғалатын болады, – деді ҚР Білім және ғылым саласындағы комитеттің Жамбыл облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаева.

Ал дарынды балаларға арналған мектеп интернатының ұстазы Пейішкүл Озықбаева: «Мұғалімдердің аттестаттан өтуі ҰБТ секілді қиындап кеткен. Таңғы 6-дан кезекте тұрып, түрлі бақылаудан өтетін ұстаздарға ол үлкен қысым деп ойлаймын. Сонымен қатар, білім саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар әйел азаматтарын 55, ерлерді 60 жасында зейнетке шығару керек деген ұсынысты да қолдаймын. Ал «қағазбастылықтан арылдық, енді ұстаздар қағазбен отырмайды» деген сөздер бос әңгіме. Әлі күнге дейін бұл мәселе жолға қойылмаған» – деді. Жалпы жиынға қатысқан «Жыл мұғалімі-2018» байқауының жеңімпаздары мен мектеп мұғалімдері өз ойларын ашық айтып, қабылданғалы жатқан заңға өз үлестерін қоса алатындықтарына ризашылықтарын жеткізді.

Жұмыс тобымен жиналған ұсыныстар мен дайын болған заңның жобасы «Нұр Отан» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі депутаттық фракциясына, Білім және ғылым министрлігіне жолданады. Ал акцияның қорытындысы бойынша заң жобасын дайындауға белсене қатысқан азаматтар партия тарапынан марапатталатын болады.

Сұхбат

PhotoRoom