БІЛІМ САЛАСЫН ЖЕМҚОРЛЫҚТАН АРЫЛТУ ЖОЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

Жамбыл облысы
04.12.2018, 13:50

«Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады. Біріншіден, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізген жөн...

Екіншіден, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет...

Сонымен қатар, адал жұмыс істейтін қызметкер тексерушілерден қорықпауға тиіс...

Үшіншіден, «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін тарату керек...» Бұл Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмалар, кезек күттірместен іске асырылуы талап етілген міндеттер.

Елбасының тапсырмасын жан-жақты жүзеге асыруға бағытталған шараның бірі – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл Ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті мен облыстық білім басқармасының ұйымдастырумен «Білім қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдинетін қалыптастыру» тақырыбында өткен педагог қызметкерлердің жиыны болды. Сонымен, білім саласын жемқорлықтан арылту жолдары қандай? Басқосудың басты мақсаты да осы сұраққа жауап іздеу, білім саласындағы жемқорлық көріністерінің алдын алу болды. Сондай-ақ қазіргі қоғам дертіне айналған жемқорлық пен сыбайластықтан таза тұлғаларды қалыптастыру бүгінгі ұстаздардың басты міндеттері екендігін тағы бір нақтылау. Бұл ретте білім саласында облыста бірқатар нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау мақсатында балабақшаға балаларды кезекке қою және жолдама беру, мектептерге балаларды 1- ші сыныпқа қабылдау сонымен қатар педагогтарды жұмысқа қабылдау автоматтық жүйеге көшті.  Республика бойынша жаппай қолға алынған осы шара оң нәтижелерін көрсетіп те жатыр.

Жиынға қатысқан Ғани Мұратбаев атындағы гимназияның директоры Мұхит Наметкулов: «Бүгінгі басқосуда жаңа жүйенің қалыптасуы, яғни ашық әрі әділ арнайы комиссиямен тестілеу арқылы мұғалімдерді жұмысқа қабылдаудың жаңа жолдары жан-жақты айтылды, оның тиімді тұстары аталды. Тың жүйе алдағы уақытта толықтай білім саласы мекемелеріне енгізілетін болса, сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жояды деген сенімдеміз» дейді.

Иә, президентіміз айтқандай, адал қызметкер тексерістен де басқадан да қорықпауы тиіс.

Сұхбат

PhotoRoom