VIII АЗАМАТТЫҚ ФОРУМ: ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ҮШ ҰЙЫМЫ СЫЙЛЫҚАҚЫ АЛДЫ

Жамбыл облысы
06.12.2018, 01:35

Жамбылдық кәсіпкерлер Астанада өткен VIII Азаматтық форумнан олжалы оралды. Форумның нәтижелері мен алдағы мақсаттары туралы айтып, баспасөз мәслихатын өткізген Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ президенті Исламбек Дастан мен «Жамбыл облысының Азаматтық альянс қауымдастығы» ЗТБ президенті Зайтжан Юлдашев жеңімпаз атанған жерлестеріне алғыс білдірді. Елбасымыз Н. Назарбаев атап өткендей, елімізде үкіметтік емес ұйымдар саны 2003 жылы 5 мың болса, 2018 жылы 22 мыңға дейін жетіп, төрт еседен астам өскен. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 65 есе өсіп, қазіргі кезде 20 миллиард теңгеден асып отыр. Нәтижесінде, бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, іс жүзінде, қоғамымыздың маңызы бар барлық саласын қамтуда.

Негізінен жекелеген санаттағы азаматтардың оңалуына жәрдем беру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік маңызы бар басқа да жобаларды іске асыру ісімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың маңызы мен қоғамдағы алар орны күн санап артып келеді.  Журналистер сұрақтарына жауап берген Исламбек Дастанның айтуынша, бүгінде бағдарламаларды әзірлеп, іске асыруға, әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша қоғамдық тыңдауларды өткізуге үкіметтік емес ұйымдарды кеңінен тарту – мемлекеттік органдардың күнделікті тәжірибесіне айналған. Өткен жылдар ішінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастығы жүйелі жолға қойылды. Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттің тең серіктесі ретінде қаралады. Иә, Елбасымыз талап етіп отырған жұмыстар да осы.

Үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндігі шектеулі адамдарға, ерекше мұқтаж балалар мен жастарға қажетті белсенді ортаны қалыптастыруға атсалысуы жақсы үрдіс болып қалыптасып келеді. Соның бірі – инклюзивті қоғамды дамыту ісі.  Әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын және барлық дамыған елдердің азаматтық қоғамы жүзеге асыратын бұл маңызды әлеуметтік жұмыс Қазақстанға да мейлінше ендірілуі тиіс.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында: «...Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс» деп атап көрсеткені белгілі. Яғни, азаматтық қоғам құрудың маңызды басымдықтарын Елбасы өз мәлімдемелерінде үнемі айтып, міндеттеме жүктеп отыр.

Бүгінгі таңда Жамбыл өңірі бойынша 700 астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Алайда әзірге оның 200-ге жуығы ғана өңірдің тыныс-тіршілігіне араласып, азаматтық қоғам институттарының дамуына пәрменді үлес қосып отыр екен.

Бұл жолғы форумдағы ерекшелік үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақылардың тағайындалуы. Сыйлықақы алушылар 15 бағыт (номинация) бойынша байқауға түсті. Байқаудың жеңімпаздары сарапшылар бағалауынан кейін конкурстық комиссияның отырысында қаралды. Әр бағыт бойынша сыйақы мөлшері 2 000 айлық есептік көрсеткішті құрайды. 2018 жылы сыйлықақы алуға жалпы республика бойынша 197 ұйым өтінім білдіріп, 63 ұйым жеңімпаз атанды. Ал, Жамбыл облысынан 8 үміткер құжат тапсырып, 3 ұйым сыйлықақыға ие болды.

Олар «Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау» бағыты бойынша «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігі (төрағасы – Руслан Тулегенов), «Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу» бағыты бойынша «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі (президенті – Исламбек Дастан), «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігі (төрайымы – Нілзия Рақышева) жеңімпаз атанып, ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Қәлетаевтың қолынан диплом алды.

Баспасөз мәслихатын қортындылаған «Жамбыл облысының Азаматтық альянс қауымдастығы» ЗТБ президенті Зайтжан Юлдашевтың айуынша, сыйлықақының ерекшелігі бөлінген қаражатты ұйымның жарғылық мақсаттарына жұмсауға болады.

Сұхбат

PhotoRoom