ОБЛЫСТА БАЛАБАҚША КЕЗЕГІНЕ ТҰРУ МАШАҚАТЫ АЗАЙҒАН

Жамбыл облысы
01.12.2018, 23:07

Бүгінгі күні Жамбыл облысы бойынша балабақша кезегі мәселесі инновациялық мүмкіндіктер нәтижесінде оң шешімін табуда. Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Саясат Есеевтің айтуынша, қазір өңірдегі балабақшаға үмітті 3-6 жас аралығындағы балалар саны өткен 2017 жылмен салыстырғанда 7 мыңға азайған. Бұл мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесі өткен жылмен салыстырғанда 90,2 пайыздан 97,1 пайызға өскеннің өзіндегі оң көрсеткіш.

Үкімет ұсынған жаңа жүйе енді балабақша кезегін электронды түрде жасақтап, кезектің жылжуы, жолдама беру процесі туралы ақпаратты онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Яғни, ата-аналар балаларын үйде отырып-ақ, еш делдалсыз кезекке тұрғызып, жолдама ала алады. еgov.kz сайтына кіріп, тіркелген барлық балабақшалардың паспорттарымен танысып, ыңғайлысын таңдауға болады. Жүйеде барлық мәлімет, балалар, топтар саны, жасы бойынша бос орын, қызметкерлер құрамы көрсетілген.

Мәселен, «Кезекке тұру» деген сілтемесі арқылы баланы ЖСН-і арқылы кезекке тіркеп, тиесілі мәліметтерді толтырып, ата-ананың екі байланыс телефондары мен электронды поштасын қалдырады. Көрсетілген нөмірге баланың кезегі келгендігі туралы хабарлама жіберіледі. Балалар кезегінің азаю себебі осы электрондық үкімет көмегімен де байланысты. Аймақтағы балабақша кезегін азайтуға ықпал етіп отырған тағы бір фактор, ол –  жекеменшік – әріптестік бойынша құрылған жобаларды жүзеге асыруға аймақтық, аудандық, ауылдық әкімдіктер жағынан қолдау көрсетілуі.

Облыстық білім басқармасы мәліметінше, Жамбыл облысында жыл басынан бері 3822 орындық 39 балабақша ашылған және де жыл соңына дейін тағы 23 мектепке дейінгі мекеме ашу жоспарланып отыр.

Елбасы Н. Назарбаев 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек. Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады. Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет. Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биыл тиісті «Жол картасын» әзірлеуі керек» деп нақты міндеттеме жүктеді. Енді сол мақсатта арнайы Жол картасының жобасы әзірленіп, Білім және ғылым министрлігі тарапынан талқылануда. Қазір аймақтағы балабақша кезегіндегі бүлдіршіндер саны 1873-ті құрап отыр.  Жалпы облыстағы 508 мектепке дейінгі білім мекемесінде қазір 53 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Оның 358-і - балабақша, 150-і - шағын орталық. Ал, алдағы 2019 жылы тағы 29 балабақша ашылып, 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту көзделіп отырған көрінеді.

«Елбасы тапсырмасына сәйкес аймақта «Жол картасы аясында мектепке дейінгі білім ұйымдарындағы педагог қызметкерлердің біліктілігін көтеру, тәрбиешілердің жалақысын көбейту жоспарланған. Педагогтардың кәсіби өсуі мен әдістемелік дайындығы - бүгінгі таңдағы аса өзекті мәселе болып отыр. Өйткені, білім беру жүйесінде инновациялық өзгерістер өте көп. Өңірде 6 мыңнан астам балабақша педагогтары бар. Оның 46,5 пайызының «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша жоғары және арнайы орта білімі бар. Бұл көрсеткіш республикада 45,8 пайызды құрайды» дейді  Саясат Керімбекұлы.

Президентіміздің биылғы Жолдауында аса мән бере айтқан мәселенің бірі – балалар қауіпсіздігі. Н. Назарбаев онда: «...Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын» деген болатын.

Бұған қатысты Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының бөлім басшысы Саясат Керімбекұлы «Қазіргі уақытта облыстағы балабақшалардың 99,7% бейнекамерамен жабдықталған», - деді.

Сұхбат

PhotoRoom