Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Асыл Алдаберген 2019 жылы атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды есеп берді.
Баспасөз конференцияда 2018 жылдың 13 желтоқсанында ашылған жобалық кеңсенің тиімділігі мен маңыздылығы сөз болып, өткен жылы жүзеге асырылған жобалар мен бастамалардың сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және халықтың билік институттарына деген сенімін арттыруға бағытталған бірқатар жұмыстары атап өтілді.
Өз кезегінде Асыл Берікұлы бірінші басшылардың қоғаммен кері байланысын арттыру мақсатында 360 мектеп, колледж, ауылдық әкімдіктер мен халық көп келетін әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінің басшылары жоғары қабаттағы кең кеңселерін бірінші қабаттағы шағын кабинеттерге ауыстырып, нәтижесінде жалпы саны 4 580 шаршы метр кеңістік үнемделгендігін және «Адалдық алаңы» жобасы аясында өңіріміздің 20 000-ға жуық ауыл тұрғындарына 700 мемлекеттік қызметкерлер заңнамалық көмек көрсетіліп, 300-ден астам азаматтың нақты мәселелері шешілгендігін жеткізді.
Сондай-ақ, Жобалық кеңсенің негізгі бағыттарының бірі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жиі кездесетін - білім саласы екендігін алға тартып, осы салада тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында облысқа қарасты барлық 904 мектепте 300 мыңнан астам оқушы мүшелікте тұратын «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары жұмыс істеп жатқандығын атап өтті.
Одан бөлек, осы бағытта 29 мемлекеттік және 19 жекеменшік колледждерде «Саналы Ұрпақ» жобалық кеңселері мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «Парасаттылық орталығы» ашылғандығын, сондай-ақ еліміз бойынша Түркістан облысында алғаш іске асқан «Адалдық сағаты» жобасы Агенттік төрағасы Алик Жатқамбайұлының қолдауымен Республика аумағында тиімді тәжірибе ретінде таратылып, 1 қыркүйектен бастап әр оқу тоқсандарының бірінші сабағы «Адалдық» тақырыбындағы ашық сабақ үлгісінде өтетіндігін атап көрсетті.
Баспасөз жиынында «Ұлттық тестілеу орталығы» АҚ-мен Агенттіктің өзара ынтымақтастық меморандумы негізінде емтиханның ашықтығы мен объективтілігіне тұрақты түрде қоғамдық бақылау жүргізіп, 2019 жылдың қорытындысымен магистратура, колледждерге түсуге ниет білдірген абитуриенттердің арасында жүргізілген ұлттық тестілеуді мониторингілеу нәтижесінде, жалпы саны 182 үміткер тәртіп бұзу фактілерімен тестілеуден шығарылғандығы белгілі болды.
Айта кетсек, алдағы уақытта да «Түркістан – адалдық алаңы» Жобалық кеңсесі аясында жас ұрпақтың санасына әділдік, парасаттылық, адалдық ұғымдарын қалыптастыруға әрі тұрмыстық жемқорлықты жоюға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табады.