Ақжол партиясы автотұрақ жетіспейді дейді

Рейтинг
21.01.2015, 13:43

Бүгiн ҚР парламентi Мәжiлiсiнiң пленарлық отырысында «Ақ жол» фракциясының мүшесi Талғат Ерғалиев Ұлттық экономика министрi Ерболат Досаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында партия атынан қоғамдық қолданыстағы ғимараттарды оның аумағы мен келушiлер санын ескеретiн ашық автокөлiк тұрақтарымен қамтамасыз ету нормаларын әзiрлеп, қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

«Бүгiнгi күнi ашық автотұрақ мәселесi қазақстандықтар үшiн бiрнеше жыл бойы маңызды мәселелер қатарында. Астана мен Алматы қалаларында бұл өте күрделі мәселе. ҚР IIМ деректерiне сәйкес, соңғы 11 жылда республика аумағында тiркелген автокөлiктер саны 3 еседен астам артқан. Астанадағы автокөлiктер паркiнiң өсiмi 5 еселенген. Қазақстан қалаларының басым бөлiгi Кеңес одағы кезiнде салынған едi. Ол кезде кеңестiк қала құру нормативтерi болашақта автокөлiктер паркiнiң айтарлықтай өсiмiн ескермеген», - Т.Ерғалиев.

image18825Оның айтуынша, бүгiнгi күнi Астана, Алматы және республиканың басқа қалаларындағы ашық автотұрақ орындарының жетiспеушiлiгi әкiмшiлiк, iскерлік, сауда орталықтарында, сондай-ақ мемлекеттiк мекемелер, мектептер, балабақшалар, ұлттық компаниялар кеңселерiнiң жанында әсiресе өзекті мәселеге айналып отырғанын тiлге тиек еттi.

«Мысалы, Достық көшесiнде орналасқан Мәскеу бизнес орталығы (Астана қаласы – агенттiк) ғимаратының 44500 шаршы метрi аумағында 295 тұрақ орны бар. Яғни, бiр орынға 150 шаршы метрден астам аумақтан келедi. Сонымен қатар, ашық тұрақ орындарының жетiспеушiлiгi елорданың ойын-сауық кешендерiнде де байқалып отыр. Алматы қаласының мемлекеттiк мекемелерi, ойын-сауық, сауда кешендерiнде орташа есеппен алғанда бiр автотұрақ орнына ғимараттың 80-100 шаршы метр аумағынан келедi. Ал сауда базарларындағы бұл мәселе әлдеқайда өзектi болып отыр», - деген депутат бүгiнгi күнi Қазақстанның қоғамдық қолданыстағы ғимираттарда оның аумағы мен келушiлер санын ескерiп, ашық автотұрақтар орнын анықтау жөніндегі нормалардың жоқ екендiгiн ескерттi.

Сонымен қатар, халық қалаулысы АҚШ, Канада елдерiнде автотұрақ индексi көрсеткiшiнiң қолданылатынын тiлге тиек еттi.

«Осыған байланысты бiз қоғамдық қолданыстағы ғимараттарды оның аумағы мен келушiлер санын ескеретiн ашық автокөлiк тұрақтарымен қамтамасыз ету нормаларын әзiрлеп, қабылдауды ұсынамыз», - деп түйiндедi мәжiлiсмен сөз соңын.

 

Сұхбат

PhotoRoom