"Келін тәрбиесі - киелі тәрбие" тақырыбында онлайн әңгіме өрбітті

Рейтинг
10.06.2020, 00:07

Шымкент қаласы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы кезекті рет  "Дәстүр дәрістері" айдарында "Келін тәрбиесі - киелі тәрбие" тақырыбында онлайн әңгіме өрбітті. Бұл жолы қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Ақтілек әжелер тобының жетекшісі, зейнеткер Тоғызбаева Мейіз Әмірәліқызының өнегеге толы тәлімдік сабағын көпшілік ынта білдіре тыңдады.

Атам қазақ келінді ұрпақ жалғастырушысы ғана емес, әулеттің ырысы, құт-берекесі, ұлт болашағының ұйытқысы деп тани білген. Ертең келін болатын қызын халқымыз қырық үйден тыйым салып отырған.

Келін боп босаға аттау қуаныш әрі мәртебе. Әрине, жас келінге жүктелер міндет те аз емес. Өзге үйге келіп, қайын ата мен қайын ененің көңілдерін тауып, олардың «қас-қабағын бағу», сонымен қатар сол әулеттегі тума-туыстармен тіл табысу, тату-тәтті жарасымдылыққа ұйытқы болу, ерінің де алдында адал жар, балаларының алдында ардақты ана болу – абыройлы міндет. «Жақсы келін – келі, жаман келін – келсап» деген қазақ мақалында айтылатындай, жаман келін атанбауына ең алдымен отбасындағы тәрбие әсер етсе, екіншіден қайын ененің де тәлім-тәрбиесі ерекше рөл атқарады. Ата-ене келіндерін болашақ немересін өмірге әкелуші ретінде де оның жағдайын жасап, денінің саулығына мән берген. Себебі келін денінің саулығы болашақ ұрпағының аман-есен дүниеге келуіне әсер етеді. Соны жақсы білген данагөй бабаларымыз бен ақылшы аналарымыз құрсаққа бала біткен күннен бастап келіннің дұрыс тамақтануын, таза ауа­да көп тынығуын ескертіп отырған. Ал өмірге сәби келген соң да жаңа босанған келінді қалжалап, терлетіп, қырқына дейін ерекше баппен күткен. Бұл да болашақ ұрпақтың қамы екені сөзсіз. Осылайша ене мен келін арасындағы сыйластық дамып, жарасым тауып отырған. Иә, келін ұлттың болашақ ұрпағын өмірге әкелетін жан болғандықтан оның өзі де ибалы, инабатты, тәрбиелі болуы шарт.

Сұхбат

PhotoRoom