Балалар құқығы қатаң қорғалуы керек

Рейтинг
10.06.2020, 20:05

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Заңына қол қойды. Ол күшіне енді.

Соңғы кезде ақпарат құралдарында балаларға қарсы қылмыстар жайлы көп оқып жүрміз. Мұндай оқиғалар болған кезде бүкіл халық шулап, жәбір көрген кез-келген адамды қолдауға дайын тұрады.

Осы Заңдағы өзгерістер балалардың құқықтарын қорғауда жаңа бағыт беруге жол ашып отыр деп ойлаймын.

Ол маңызды бес бағытты қамтиды.

Бірінші бағыт. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін жетілдіру.

Екінші бағыт. Балалардың қылмыстардан және басқа да құқықбұзушылықтардан қорғау деңгейін арттыру.

Үшінші бағыт. Жасөспірімдердің тәрбиеленуіне және білім алуға жауапты адамдардың жауапкершілігін күшейту.

Төртінші бағыт. Қоғамдық бақылауды күшейту. Ұлттық алдын алу тетіктеріне қатысушылардың мандатын кеңейту.

Бесінші бағыт. Қолданыстағы заңнамасына және заң техникасының қағидаларына сәйкес редакциялық және нақтылау сипатындағы түзетулер енгізу. Оларды нақты бөлу.

Қабылданған Заң қоғамның жанына бататын нақты мәселелерді шешпек. Олар мыналар:

Бірінші мәселе. Білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарының қызметкерлері өздеріне белгілі болған балалармен немесе оларға қарсы жасалған құқық бұзушылық фактілері туралы құқық қорғау органдарына хабарлауы міндеттелген.

Осы парызын орындамаған жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Мәселен, ҚР ӘҚБТК-нің 127-1 бабына сай лауазымды тұлғаға бірінші рет хабарламағаны үшін 25 250, ал қайталанған жағдайда 75 750 теңге айыппұл салынады.

Бұндай ұсыныс неден туды? Бұл не үшін қажет?

Ең бастысы – кәмелетке толмағандардың құқығы. Өздеріңіз білесіз алдыңғы жылы Түркістан облысының Сарыағаш ауданында болған оқиға туралы тиісті жауапты қызметкерлер білгенімен ұзақ уақыт бойы айтылмай келді. Сосын тіркелмей, ешқайда хабарланбаған. Әлеуметтік проблема ретінде қаралмады.

Екінші мәселе. Ата-аналардың балаларды тәрбиелеуге және білім беруіне жауаптылық күшейтілді. «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Заңында «өздерінің қаржылық мүмкіндіктерінің және қабілеттерінің шегінде» деген сөздер алып тасталды.

Яғни, ата-аналар балаларды бағып-күтуге, оның толыққанды дамуына, құқықтары мен мүдделерін қорғауға жауапты. Бұрынғыдай қаржылық мүмкіндіктерім шектеулі деп құтыла алмайды. Ондай өмірлік қиын жағдайға түскен кезде мемлекеттік тарапынан тиісті көмек беріледі.

Бүгінгі күні еңбек етуге ерініп, әйелінің тапқан ақшасын ішімдік пен есірткіге жұмсап, балаларын аш-жалаңаш қуып шыққан азаматтар аз емес. Отбасынан безініп, алимент төлеуден қашып жүргендер қаншама.

Тағы бір жаңалық. Егер балалар мектепке себепсіз бармаған жағдайда олардың ата-аналары сол үшін ҚР ӘҚБТК-нің 127 бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Бірінші рет 7 575 теңге айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде қайталаған жағдайда  15 150 теңге айыппұл немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады. Әрине, баланың сабаққа келмеуі жүйелі түрде болу тиіс. Оның себептері жан-жақты қаралатын болады.

Ашығын айтсақ, жазаны күшейтеміз деп, керісінше, бүлдіріп алмаймыз ба?! Ата-анасына салынған айыппұл түбінде бүкіл отбасына салмақ болып түседі ғой.

Үшінші мәселе. Кәмелетке толмағандарды зорлағаны және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін бас бостандығынан айыру мерзімі арттырылды және өгей әкесі мен өгей шешесінің жауаптылығы күшейтілді. Бұрын олар басқа бөтен адамдар сияқты жалпы негіздермен жауакершілікке тартылған. Қазір олардың балалар тәрбиесіне үлесі зор екенін ескере отырып жауаптылығы ата-анасымен теңестірілді. Осындай зомбылықтың ең осал жері - жәбірленуші мен агрессор үнемі бірге, бір шаңырақтың астында. Зорлаушының қабағына қарап, әр күнін қорқынышпен өткізген әлсіз жан әрдайым стресспен ғұмыр кешеді. Бұл жазаны ауырлататын мән-жай ретінде бағалануы дұрыс болды.

Енді Қылмыстық кодексінің 120, 121 баптары өзгертіліп, 3-1 бөлігімен толықтырылды. Егер зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері:

1) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса;

2) кәмелетке толмаған адамға қатысты ата-анасы, өгей әкесі, өгей шешесі, педагог не оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттер заңмен жүктелген өзге адам жасаса, 12-17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Қосымша өмір бойы балалармен жұмыс жасау құқығынан шектеледі.

Төртінші мәселе. Ұлттық алдын алу тетіктеріне қатысушылардың мандаты кеңейтілді. Баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың баруына болатын объектілердің тізбесі кеңейтілді. Сондай-ақ осындай ұйымдардың функциялары нақтыланды.

Атап айтқанда, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңында Ұлттық алды алу тетіктерінің ерекшеліктерін регламенттейтін жаңа тараумен толықтырылды. Онда ҰАТ қатысушылар өкілеттіктерінің және оларға қойылатын талаптардың көлемі айқындалды.

Жалпы, ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметі арқылы азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерiнiң алдын алу және бақылау жүйесі қалыптасады. Бұл жүйеде бұрындағыдай тек мемлекеттік органдары емес. Оған қоса қоғамдық бақылау күшейтілді.

Оның құрамына азаматтардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық байқау комиссияларының және қоғамдық бiрлестiктердiң мүшелерi, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер кіреді.

Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметін Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл үйлестіреді.

Ұлттық алдын алу тетiгiнің қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің жанынан Үйлестіру кеңесі құрылады.

Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын олардың алдын ала бару нәтижелері бойынша есептерін ескере отырып дайындайды. Сосын оны қарау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің интернет-ресурсында орналастырыды.

Уәкілетті мемлекеттік органдар ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын алған күннен бастап үш ай ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілге алынған баяндамаларды қарау нәтижелері бойынша қолданылған шаралар туралы жазбаша нысанда хабар береді.

Бесінші мәселе. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссия жұмысының тиімділігі арттырылды.

Олар балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау және қалпына келтiру, құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу, кәмелетке толмағандарды зорлық-зомбылықтан және қатыгездікпен қараудан, қоғамға жат әрекеттерден қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады.

Оған қоса, мемлекеттiк органдардың кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың, зорлық-зомбылықтың және қатыгездікпен қараудың профилактикасы, оларды әлеуметтік оңалту жөніндегі қызметін жетілдіруге бағытталған бағдарламалар мен әдiстемелердi әзiрлейдi.

Алтыншы мәселе. өмірлік қиын жағдайда жүрген бала (балалар) -«Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңында көзделген қалыптасқан мән-жайлардың салдарынан тыныс-тіршілігі бұзылған және осы мән-жайларды өз бетінше немесе отбасының көмегімен еңсере алмайтын бала (балалар).

Бұл қандай мән-жайлар?

Адамды (отбасыны) өмірлік қиын жағдайда жүр деп тану үшін 12 негіздер келтірілген:

1) жетімдік;

2) ата-ана қамқорлығының болмауы;

3) балалардың қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девиантты мінез-құлық;

4) балалардың арнаулы білім беру ұйымдарында болуы;

5) туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балалардың ерте психофизикалық даму мүмкіндіктерінің шектелуі;

6) дене бітімі және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы;

7) әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі;

8) жасының егде тартуына байланысты, бұрынғы ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

9) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау;

10) баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);

11) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы;

12) пробация қызметінің есебінде болу.

Жетінші мәселе. Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау жүйесі қалыптастырылған. Оларды уақытша күтіп-бағу үшін арнаулы орталықтар ашылады.

Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтары - тұрақты немесе уақытша (күндіз) болуды ұсына отырып, сондай-ақ қызметі өмірлік қиын жағдайдың алдын алу жөніндегі шараларды жүзеге асырумен байланысты заңды тұлғаларға ақпараттық, консультациялық, делдалдық көрсетілетін қызметтерді ұсыну жолымен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін, білім беру органдарының қарамағындағы ұйымдар. Онда үш жастан он сегіз жасқа дейінгі, өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар қабылданады.

Жалпы, осы қабылданған Заң бірнеше жыл бері балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған жалғасы. Кезекті қадам.

Алдыңғы жылы 2-шілдеде «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Заң қабылданып, осы жылдан қолданысқа енгізілді.

Сол Заң балалардың өз жасына сәйкес келетін ақпаратты алу және тарату құқықтарын іске асыруды реттейді және балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауға бағытталды.

Бұл сонда қандай ақпараттан қорғау?

Ең бастысы, балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпаратқа:

1) Конституциямен және заңдарымен тыйым салынған;

2) осы Заңмен балаларға тыйым салынған;

3) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгілі бір жас топтарындағы балаларға шектеу қойылған ақпарат жатқызылады.

Ал, балаларға тыйым салынған ақпарат:

1) олардың өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төндіретін әрекеттер жасауға, оның ішінде суицидке итермелейтін;

2) оларды қоғамға жат және құқыққа қайшы әрекеттерге арандататын;

3) арнайы сексуалдық-эротикалық сипаттағы;

4) сексуалдық зорлық-зомбылықтың сипатталуын және бейнеленуін қамтитын;

5) нормативтік емес лексиканы қамтитын, яғни былапыт, тұрпайы, бейәдеп сөздер, сөз орамдары мен тіркестер бар ақпарат;

6) жасөспірімдер арасында таратуға өзге де заңдарымен тыйым салынған ақпарат болып есептеледі.

Балаларға арналған ақпарат психологиялық жас ерекшеліктерін, ақпараттық ортаның теріс ықпалына осалдығын ескере отырып, жас санаттарына бөлінеді. Бұл жұмыс жүйелі мен кешенді шаралар негізінде іске асырылады, оның ішінде тарихи және өзге де дәстүрлерді, қоғам мен мемлекеттің мәдени құндылықтарын насихаттау жүргізіледі.

Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасын бұзған кезде тиісті жауаптылыққа тартылады.

Жалпы, біздің қоғам зомбылыққа тым кешірімді. Біреу түнде музыканы шулатып қойса немесе жөндеу жұмыстарын жасаса, көршілер жетіп келеді. Тыныштық сақтауды талап етеді. Ал, отбасында балаларды сабап жатса, ешкім тырп етпейді. Айқайлап, көмек сұраса да полиция шақырмайды.

Санамызда қатып қалған бір стереотип бар - отбасы әр адамның жеке шаруасы. Жабулы қазан жабулы күйінде қалсын дедік. Әйелін және балдарын ұрғанды кейбіреулер тіпті дұрыс деп санайды.

Ал, күнде ұрыс-керіс пен қол жұмсауды көріп өскен баланың ертеңі қандай болмақ? Ата-ананың дұрыс тәрбиесін алмаған бала, отбасын құрғанда әкесінен көргенін әйеліне, бала-шағасына жасайды.

Бұл түзетулер – біздің балаларды қорғау заңнамасын Европа елдерінің озық тәжірибесіне теңестіретін қадам.

Сондықтан, барымызды салып, құлшынып жұмыс істесек, алынбайтын қамал, шешілмейтін сұрақ жоқ. Ең бастысы, балалардың қауіпсіздігін одан сайын жақсартамыз. Сөйтіп, әділетті, мықты, ашық, адам құқығына ерекше мән беретін ел боламыз.

 

Сұхбат

PhotoRoom