ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Рейтинг
19.04.2024, 15:04
ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Бүгінде еліміз бойынша орташа есеппен коммуналдық желілердің 51%-ның тозығы жеткен. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар қажеттіліктерді ескере отырып, коммуналдық инфрақұрылымды салу мен күрделі жөндеудің өңірлік жоспарларын әзірлейтін болады. Әртүрлі қаржыландыру көздері есебінен 2029 жылға қарай коммуналдық желілердің тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету жоспарлануда.

Шымкент қаласы мегаполис аталған шақтан бастап шаһар аумағы күннен-күнге ұлғайып келеді. Қала сыртындағы шағын елді-мекендер қала территориясына еніп, жаңа тұрғын алаптар саны артуда. Сәйкесінше аталмыш аймақтардың инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін өңірлерде инфрақұрылымды дамыту маңызды рөл атқаратынын айтпаса да түсінікті. Шалғай аудандардың көшелерін жарықтандыру мәселесің күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарыдң бірі. Бүгінгі таңда қала көшелерін жарықпен қамту деңгейі 70 пайызға жетіп отыр. Ағымдағы жылы 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жоспарда бар. Аталмыш жұмыстарға мемлекеттік қазынадан 3 жарым млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Сондай-ақ, 2 елдімекен сапалы ауыз сумен қамтылады. Жалпы Шымкент қаласы бойынша орталық маңызы бар 747 көшенің 522-сіне жарық жүргізілген.

Шымкент қаласы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азат Қайнарұлы ұсынған мәліметке сүйенсек, 2023 жылы 90 көше жарықтандырылып, 60 пайыздан 70 пайызға өскен. Ал, 2024 жылы басқарма тарапынан Тұран шағынауданындағы көшелерді жарықтандыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аудан әкімдіктері тарапынан 5 аудан көлемі бойынша 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жұмысы кезекте тұр.

Қазіргі таңда сапалы электр қуатымен 81 елдімекен толық қамтылған. Өткен жылы Батыс, Қайнарбұлақ, Нұрсәт, Түркістан шағынаудандарында ішкі жүйелердің құрылысы аяқталып, 22 мыңға жуық адам сапалы электр қуатына қосылды. 2 нысанның құрылыс жұмыстары биыл аяқталады.

 

Басқарма басшысының орынбасары ауыз су мәселесі туралы да ақпарат ұсынды. Биыл 79 елдімекен сапалы тіршілік нәрімен қамтылып отыр. Ал Құрсай, Сайрам тұрғын алабы аумақтарында су кестемен беріледі. Биыл бұл аймақтарда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталады. Нәтижесінде қаланы ауыз сумен қамту 100 пайызға жетеді деп жоспарланған.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom