ШЫМКЕНТТЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛУДЕ

Рейтинг
21.04.2024, 15:18
ШЫМКЕНТТЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛУДЕ

Шымкент қаласында 81 елдімекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елдімекендері ауыз суды кестемен тұтынады. Биыл осы аталған елді мекендер мен Қайтпас-1, Бозарық тұрғын алабының жаңа құрылыс аумақтарын ауыз сумен толық қамту жоспарлануда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында бұқараның өмір сүру сапасын жақсарту үшін үкіметке кешенді жұмыс жүргізуді тапсырған болатын. Осыған орай,  елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ға жеткізу үшін арнайы жоспар түзіліп, тиісті жұмыстар қолға алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз жиынында Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азат Қайнарұлы мәлімдеді.

Брифинг барысында басқарма тарапынан өткен жылы атқарылған жұмыстар мен жетістіктер, 2024 жылға арналған жоспарлар туралы толық ақпарат айтылды.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, қаладағы ең өзекті мәселе – кәріз жүйесі. Шаһардағы 25 шағынауданның халқы, яғни 713,5 мың адам кәріз жүйесімен қамтылған. 2023 жылы 9 нысанның құрылыс жұмыстарына 8,6 млрд. теңге бөлініп, көпқабататты тұрғын үйлермен қоса 60 мыңға жуық адам кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, 2024 жылы 2 магистральды кәріз коллекторының (Тұраннан КОС-қа дейінгі магистраль, Шымсити коллектор) және 6 ішкі орамдық жүйенің (Мирас-Шапағат-2, Нұртас, Тұран, Айқап, Қайтпас-1, Солтүстік-Батыс) құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 12,8 млрд.теңге жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталып, жүргізілуде.

Электр жарығымен қамтамасыз ету бойынша қазіргі таңда 81 елдімекен толық сапалы электр қуатымен қамтылған.

2024 жылы 4 елді мекеннің (Сайрам, Бозарық, Асар-2, Құрсай) жаңа құрылыс аумақтарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша 2024-2025 жылдарға жоспар құрылған.

– Жақында ғана Асар-2 елді мекенінде РП-10кВ электр станциясы іске қосылды. Жергілікті халықты сапалы жарықпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар былтыр қараша айында басталды. Қала басшысының тапсырмасына сәйкес құрылыс мерзімінен бұрын аяқталып, нәтижесінде 1150 абонент үздіксіз электр қуатына қол жеткізді, – деді Азат Қайнарұлы.

Шымкент қаласы бойынша орталық маңызы бар 747 көшенің 522-сі жарықтандырылған. 2023 жылы 90 көше жарықтандырылып, көрсеткіш 69%-дан 70%-ға өскен.

2024 жылы басқарма тарапынан Тұран шағынауданындағы магистральды 13 көшені жарықтандыру, аудан әкімдіктері тарапынан 5 аудан көлемінде 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жоспарлануда.

Сұхбат

PhotoRoom