ӨНЕРКӘСІП ДАМУЫНДА ОҢ СЕРПІН

Рейтинг
21.04.2024, 23:32
ӨНЕРКӘСІП ДАМУЫНДА ОҢ СЕРПІН

Шымкент қаласы еліміздегі үшінші шаһар ретінде әрі өңдеу өнеркәсібін жолға қойған өңір ретінде соңғы жылдары кеңінен танылып келеді. Мәселен Шым шаһар 18 түрлі тауар өндіруден республикада үздік үштікке енгенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Атап айтқанда, эфир майы, синтетикалық штапель талшықтардан жасалған маталар, түкті сүлгілер мен мақтадан жасалған ұқсас түкті маталар, қоспалы болат және қуыс профильдер, керамикалық тақтайлар және т.б. өндірісі. 

Қалада өңдеу өнеркәсібі салаларының (құрылыс материалдары өндірісі – 15, жеңіл өнеркәсіп – 11, азық-түлік – 10, металлургия – 8, машина жасау саласы – 5, фармацевтика – 4) 57 ірі және орта кәсіпорны шоғырланған. Жоғарыда аталған өнідіріс орындарынан дайындалған 54 өнімді сыртқы нарыққа шығарады. 

«Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша жаңа өндірістер саны» индикаторы бойынша 2024 жылы бір жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізді дамытуға арналған тың тәсілдер ұсынғанына назар аударды. Ол экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізу қажеттігін айтқан болатын. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады.  Президент  ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуі тиіс екенін айтқан болатын. 

Шымкент қаласының өнеркәсіп саласында белсенді жұмыс істеп тұрған 885 өнеркәсіптік кәсіпорын шоғырланған, оның ішінде 20 – ірі, 49 – орта және 816 – шағын өндірістер. 2024 жылғы қаңтар-наурыз айларында өнеркәсіптік кәсіпорындарымен өндірілген өнімнің көлемі 250,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіптік өндіріс индексі 4,3 пайызға артып отыр.

Мамандар 2023 жылы қалыптасқан өсу тенденциясын есепке ала отырып, 2024 жылы өнеркәсіпте өндірілетін өнім көлемі 1 107,5 млрд теңгеге жетеді деп болжайды. Осы жылдың 3 айының қорытындысымен Шымкент қаласына 98,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттен түскен инвестициялар көлемі 13,2 млрд теңге, ал жекеменшік инвестициялар 85,6 млрд теңгені құрады.

2024 жылы жалпы 928,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 28,2 пайызға артуы күтілуде. Басқарма мәліметіне сүйенсек, 2024-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,7 трлн теңгеге 219 инвестициялық жобалардың пулы жасақталды. Бұл жобалардың орындалуы жаңа 32 мыңнан астам жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді деген сөз.

Сұхбат

PhotoRoom