Ана – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Дүниеде анасыз адам жоқ. Жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ананың көкірегінен нәр алған. Ана – өмірдің бастауы. Ол өз сәбиін мәпелеп өсіреді, жақсы болуын қалайды. Адам бойындағы барлық жақсы қасиет ананың ақ сүтімен дариды. Ана – ұлы адам, қасиетті жан. Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді.
Шымкентте "Аналар аллеясы" атты гүлзар ашылды. Жаңа демалыс орнының ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, көптеген қала тұрғындары жиналды. Шаһар басшысы үшінші мегаполистің мерейтойын мерекелеу аясында көптеген игі істер жасалғанын атап өтіп, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалада халық үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Міне, жаңа нысандардың бірі - жаңа алаң. Мұның бәрі сіз үшін және сіздің балаларыңыз үшін. Бұл жоба демеушілердің қаражатына салынды. Шымкентте халыққа қолайлы жобалар жүзеге асырылуда. Ал біздің мақсатымыз - ортақ мүлікті қолдау және оған қамқорлық жасау, - деді Ғабит Сыздықбеков.
Шынында да, жаңа демалыс орны өзінің ерекше дизайнымен назар аудартады. Алаңның ортасында кимешектегі ананы бейнелейтін ол заманауи стильде жасалған мүсін бар. "Кимешекті ана" бейнесі айналасына сүйіспеншілікті, әлемнің барлық жақсылығын таратқандай әсер қалдырады. Жоба толықтай демеушінің есебінен жүзеге асырылады.
- Біз бұл гүлзарды құру жауапкершілігін өз мойнымызға алдық. Оның аумағының әр метрі тұрғындармен келісім бойынша абаттандырылды. "Аналар аллеясын" біз Шымкент қаласының өркендеуіне зор үлес қосқан белгілі кәсіпкер, меценат Рашкуль Оспаналиеваның, сондай-ақ барлық аналардың атымен атағымыз келді, - дейді Еркінгүл Жалелқызы.
Бұл алаң ересектер үшін де, балалар үшін де сүйікті демалыс және серуендеу орны болатыны сөзсіз. Гүлзардың ашылуына келген қала тұрғындары да жаңа демалыс орнына қуанып, ризашылықтарын білдірді. Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласының аумағында қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы тиісті жағдайда ұстайтын 10 саябақ, 44 гүлзар мен аллея бар. Жақын арада демеушілер есебінен салынып жатқан және жақын арада пайдалануға берілетін тағы бір сквердің құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, парктер мен скверлер, қоғамдық және әкімшілік ғимараттардың алаңдары тұрғындарға мейлінше қолайлы болуы үшін тиісті абаттандыру жұмыстарын жүргізілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалаларды көркейтіп, гүлдендіру бойынша тапсырмасы тиісті дәрежеде орындылып жатқандығы қуантады.