Павлодар облысында 200 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғандар ұсталды

Аймақ
10.09.2020, 15:31

Күдіктілер 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Павлодар облысында 200 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғандар ұсталды
Фото: informburo.kz

Бүгінгі таңда күдіктілер 96 млн теңгеден астам сомада келтірілген залалды республикалық бюджетке өтеді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Қаржы мониторингі комитеті Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері облыстық прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп өткізген «Қазына» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында өңірдің агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтады.

«Павлодар облысының аумағында тіркелген шаруа қожалықтары Ресей Федерациясынан ірі қара мал сатып алу үшін «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында бюджеттен жалпы сомасы 233 млн теңгеге субсидия алғандығы анықталды. Субсидиялар алу өтінімдеріне және ІҚМ сатып алу-сату шарттарына сәйкес, 2018-2019 жылдары облыс агрокәсіпкерлері РФ кәсіпорындарынан «Герефорд» тұқымды 1447 бас ІҚМ сатып алып, ҚР-на әкелген. Алайда, РФ уәкілетті органдарының мәліметі бойынша,  қазақстандық бірқатар ШҚ-на  ІҚМ эскпорты жүзеге асырылмаған», - дейді департаменттің баспасөз қызметінде.

Тінту жүргізу барысында мөрлер, кеңсе жабдықтары, ақша қаражаты, бухгалтерлік және басқа да құжаттар тәркіленді. Оның ішінде РФ уәкілетті мемлекеттік мекемелерінің мөрлері де бар.

Күдіктілердің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-б. сәйкес бағаланып, мүлкі тәркілене отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылуы мүмкін.

Сұхбат

PhotoRoom