Білім министрлігі 25 ЖОО-ның 60 лицензиясын қайтарып алды

Жаңалықтар
16.09.2020, 12:36

ЖОО-лардың бірқатар нормативтік құқықтық актілерді сақтамағаны анықталды

Білім министрлігі 25 ЖОО-ның 60 лицензиясын қайтарып алды
Фото : weproject.kz

Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Мемлекет басшысының жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында Қазақстандағы 25 жоғары оқу орнының кадрларды дайындау бағыттары бойынша берілген лицензиялардың 60 қосымшасын қайтарып алды. Олардың басым бөлігі комитеттің тексерісінен кейін қайтарылған.

Негізінен бұл ЖОО-лар «педагогикалық ғылымдар», «өнер», «гуманитарлық ғылымдар», «жаратылыстану ғылымдары», «техника ғылымдары», «қызмет көрсету» және «әлеуметтік жұмыс», «әлеуметтік ғылымдар» бағыттары бойынша кадр даярлауды жүзеге асырды.

Жүргізілген тексеру нәтижесінде аталмыш ЖОО-лардың нормативтік құқықтық актілерді сақтамағаны анықталды. Олқылықтарға негізінен талапкерлерді қабылдау, профессор-оқытушылар құрамының (ПОҚ) біліктілігін арттыру, профессор-оқытушылар құрамын конкурс арқылы алмастыру, профессор-оқытушылар құрамының оқу жүктемесін жоспарлау, білім алушыларды қорытынды аттестаттау, диплом бланкілерін есепке алу және т.б. бойынша жол берілген.

«Президенттің тапсырмасы бойынша жұмысты екі бағытта жүргізіп жатырмыз. Біріншіден, әлсіз университеттерді толықтай жабу, екіншіден, бұл жағдайда университеттерді сапасы төмен, жабдықтары жетіспейтін және т.б. мамандықтары бойынша лицензиясынан айыру. Мысалы, базасы жоқ және маманды дайындау бойынша талапқа сай сапаны қамтамасыз ете алмайтын педагогикалық жоғары оқу орны инженерлерді оқытып шығарған кезде немесе техникалық университет музыканттарды дайындаған жағдайда. Иә, бұл жоғары оқу орындары үшін өте ауыр процесс, жоғары оқу орындары қомақты кірісі мен студенттерін жоғалтады, бірақ біз үшін сапаны қамтамасыз ету маңызды» – деп түсіндірді Білім және ғылым вице-министр Мирас Дәуленов.

Биыл білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді, сондай-ақ мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен қызметтің үлгілік қағидалары жаңартылды.

Еске сала кетейік, 15 қыркүйекте 30-дан астам ЖОО мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға жіберілмегені хабарланды

Сұхбат

PhotoRoom