Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысын өткізді. Отырысқа құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, аудан әкімдері және басқарма басшылары қатысты.
Жиында Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары А.Бейсенбаев нашақорлық, суицид, ұрлық және интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу бойынша атқарылып жатқан кешенді шаралар туралы баяндама жасады.
Департамент басшысы орынбасарының мәліметінше, есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың жолын кесу және нашақорлықтың алдын алу бойынша тиісті шаралар дер кезінде жүргізілген. Жыл басынан шаһарда есірткіге қатысты 201 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Ағымдағы жылдың 5 айында қалада 265 интернет-алаяқтық қылмысы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 16,1 пайызға азайған.
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық жұмыстарды комиссия мүшелері тұрақты түрде жүргізуде. Дегенмен, қала әкімі бұл бағыттағы шараларды күшейту қажеттігіне тоқталып, аудан әкімдері мен басқарма басшылары комиссия аясында бекітілген іс-шараларды сапалы әрі мүлтіксіз орындауы тиіс екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының қызметкерлері өз жұмысының маңыздылығын түсініп, азаматтардың қауіпсіздігі үшін барынша қызмет етуін айтқан болатын. Ол: «Мемлекеттің тұрақтылығын және қоғамның береке-бірлігін сақтау – басты міндет. Осындай сәтте полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне, отаншылдық рухына, қажыр-қайратына көп нәрсе байланысты. Мұны ішкі істер органдарының барлық қызметкерлері жете түсінеді деп ойлаймын» деген болатын өз сөзінде.
Жиын соңында шаһар басшысы тұрғындардың қауіпсіздігі күн тәртібінде бірінші мәселе болып қалуы тиіс екенін айта келе, жауаптыларға аудандық полиция басқармаларымен бірлесіп, кешенді шаралар қабылдауды, жұмыстың нәтижелі болуын қамтамасыз етуді тапсырды.