ЖАСТАР ЕҢБЕК ЖАСАҚТАРЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Рейтинг
21.06.2024, 12:47
ЖАСТАР ЕҢБЕК ЖАСАҚТАРЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

«JASYL EL» атауы әрбір қазақстандыққа жақсы таныс. Жалпыұлттық жобаның жаңа еңбек маусымы қайта басталды. Жоба жастарды еңбекке баулуды, табиғатты аялауға шақыруды көздейді. Осы ретте жыл сайын еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып келе жатқан жобаның биылғы жаңалықтары туралы ақпарат ұсынуды жөн көрдік. Ол туралы «JASYL EL» жобасыныңы Шымкент қаласы бойынша менеджерлерінің бірі Байбосынұлы Нұрислам әңгімелеп берді.
-    «JASYL EL» жалпыұлттық жобасы 2005 жылдан бастап сәтті жүзеге асырылып келе жатқан ауқымды жобаның бірегейі. Бұл жастар арасындағы ең танымал бағдарламалардың бірі десем, артық айтқаным емес. Бағдарлама аясында жас қазақстандықтар қалаларды көгалдандыруға қатысып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар жоба еңбекке баулып қана қоймай, жастарды ортақ идеялар төңірегінде топтастырады, - дейді Байбосынұлы Нұрислам.
«JASYL EL» еңбек жасақтарына өтінім қабылдау мамыр айынан баcталып, ерікті жастардан топ құрылған. Жобаға 16-34 жас аралығындағы жұмыссыз жастар қатыса алады. Еңбек сарбаздарына арнайы киім үлгісі және қажетті құрал-жабдықтар беріледі. Жалпы қала бойынша биылғы жылы 1313 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Жоба Шымкент қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өтуде. Жастар құжаттар мен өтінімді «Жасыл ел» штабында аудан бойынша жауапты ретінде бекітілген арнайы қызметкерге тапсырады. Орын саны шектеулі.
    Аталмыш жоба мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған жалпыұлттық қозғалыс. Тағы бір айта кетерлік жайт, жазғы еңбек маусымының ауқымы барынша кең екендігі. Яғни, жас жұмысшылар тал-теректерді күту мен көгалдандыру, елді мекендерді абаттандыру және құрылыс жұмыстары секілді бағыттардағы қызметтерді атқаратын болады. Үшінші шаһардың жастарынан құралған жасақ мүшелері жаз айларында қолға күрек пен балға ұстап қоршаған ортаға пайдалы іспен айналысып әрі өздері қосымша табыс табады деген сөз.

Сұхбат

PhotoRoom