Шет елдерде жазасын өтеп жатқан қазақстандықтардың басым көбі Ресейде

Құқық
24.09.2020, 12:17

2019-2020 жылдары Ресей тарапы үш азаматты қайтарудан бас тартты

Шет елдерде жазасын өтеп жатқан қазақстандықтардың басым көбі Ресейде

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов бүгінгі Сенат отырысында шет елдердегі түрмелерде қанша қазақстандық отырғанын жария етті.

«Қазір 735 адам шетелдердегі түрмеде отыр. 70 пайызы, яғни 537-і Ресейде. Олар біздің елдің азаматтары саналғанымен, сонда жұмыс істеген, отбасыын сонда көшіріп, сол жақта өмір сүрген азаматтар. Олардың қайтып келуге мүмкіндігі бар. Екі елдің келісімшарты негізінде қайта алады. 2019-2020 жылы Ресей тарапы үш азаматты қайтарудан бас тартты. Алдымен шығынды өтеуі керектігін алға тартты. Біз қазір мұндай келісімді Өзбекстанмен жасауды көздеп отырмыз. Себебі, ондағы түрмелерде біздің 24 азамат жазасын өтеп жатыр. Ал біздің түрмеде Өзбекстанның 400 азаматы отыр. Егер осы келісімшартқа қол жеткізсек, бізде жазасын өтеушілерді өзара алмасу мүмкіндігі пайда болады», - деді спикер.

Ал, сенатор Сүйіндік Алдашевтің айтуынша, тұтқындарды алмастыру бойынша халықаралық келісімшарт 21 мемлекетпен жасалған. Алда Өзбекстан, Кипр, Доминикан Республикасымен осындай келісімге келуді көздеп отыр.  

Сұхбат

PhotoRoom