Мүфтият пневмониядан қайтыс болған имамның ұлына баспана берді

Аймақ
28.09.2020, 11:21

Асарлатып салынған 5 бөлмелі үйді марқұм М.Құрбанбаевтың артында қалған ұлы Абдулбасидке табыс етті

Мүфтият пневмониядан қайтыс болған имамның ұлына баспана берді
фото: muftyat.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына жасаған арнайы сапарында Сайрам ауданының Арыс ауылындағы мешітте имамдық қызмет еткен марқұм Мадикарим Құрбанбаевтың балаларына Мүфтият салып берген баспананың кілтін табыс етті.

Шараға Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов, ҚМДБ-ның Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Түркістан облысының бас имамы Мұсабек Ақтамберді ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

Көп жылдан бері дін жолында қызмет етіп, асыл дінімізді насихаттап, түрлі игі шаралардың басы-қасында жүрген Мадикарим Құрбанбаев әлемге дүрбелең салған індеттің салдарынан пневмония кеселіне шалдығып, жуырда қайтыс болды. Артынша өмірлік жан жары да осы жаман індеттен көз жұмған болатын. Өте қиын сәтте рухани һәм материалдық тұрғыдан қолдау мақсатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Ел үлесі – пәтерге» акциясының аясында асар әдісімен салынған 5 бөлмелі үйді марқұм М.Құрбанбаевтың артында қалған ұлы Абдулбасидке табыс етті.

Айта кетейік, осындай қиын жағдайды ескеріп Түркістан облысының имамдары, облыстық «Зекет» қоры өкілдігі және ерікті жамағаттың қолдауымен жаңа үй салынып, пайдалануға берілді.

Сұхбат

PhotoRoom