Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша прокуратура органдары маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен, инвесторлар мен олардың инвестицияларын қорғаумен байланысты міндеттерді шешеді. Мемлекет басшысы инвестицияларды ынталандыру ұлттық басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Тәуелсіздік жылдары елімізге тартылған инвестиция көлемі 400 миллиард доллардан асады. Тек 2022 жылы шетелден 28 миллиард долларды құрайтын инвестиция кірді. Бұл – кейінгі 10 жыл ішіндегі рекорд. Ел экономикасына әлемнің ірі инвесторларын тарту мүмкіндігіміз мол. Міне, дәл осы шетелдік иныесторларды елімізге көптеп тартып, жаңа жұмыс орындарын ашып, бизнесті дамытып, жұмыссыздықпен күрес те жүргізудің бірден-бір жолы.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жуырда «Alarko Holding» түрік компаниясының президенті Йылдыз Умит Нуримен жүздесіп, іскерлік келіссөздер жүргізді. Кездесуде «Бозарық» индустриялық аймағындағы құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысы талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша жылыжайдың көлемін 500 гектардан 600 гектарға дейін ұлғайту туралы келісімге келді.
Түрік елінен келген инвесторлар бұл аумаққа қызанақ пен қияр өсіретін ең үлкен жылыжай кешенін салуды жоспарлауда. Холдинг басшысы жоба құрылысы жақын арада басталатынын жеткізді. Бірінші кезең аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады, ал кешен толық іске қосылған соң 5 мың жұмыс орны ашылады. Бұл дегеніміз екі қолға бір күрек іздеген жұмыссыздардың саны азаяды деген сөз. Сонымен қатар, жоба аясында халықаралық стандарт бойынша ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын мамандандырылған академия ашу жоспарлануда. Аталмыш инвестицилық жоба сәтті жүзеге асса қала тұрғындары жоғары сапалы азық-түлікпен қамтылады әрі ол өз кезегінде бағаны тұрақтандыруға септігін тиггізері сөзсіз. Бұдан бөлек, компания құрылыс уақытын қысқарту мақсатында қаламызда жылыжай салуға арналған құрылымдар шығаратын кәсіпорын ашуды көздеп отыр.