Шымкент шаһары күн санап көлемі де көркі де артып жатқан қала. Қала көшелерін жаңарту, алдамаларды ретке келтіру жұмыстары, шалғай елді мекендердегі аялдамалар мен транспорт мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Шымкент – автокөлік көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі. Осыған орай соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Шаһарда кептелістің алдын алу мақсатында жолдар кеңейтіліп, көпірлер құрылысы салынып жатқаны баршаңызға мәлім. 2023 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала аумағындағы жақсы және қанағатттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71,2 пайызға жетті.
Қаладағы ірі жол-көлік инфрақұрылымының бірі – «Оңтүстік» айналма жолы. Жалпы ұзындығы 16 шақырым айналма жолдың құрылысы аяқталуға таяды. Бұл нысан – Ташкент бағытындағы республикалық маңызы бар жолдан Ленгір тас жолына қосылатын негізгі жол. Жол құрылысы негізінен транзиттік көліктер, жеңіл көліктерге қаланың ішіне кірмей, солтүстік және шығыс бағытқа өтуіне мүмкіндік жасау мақсатында жүзеге асырылуда.
Ташкент–Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистральды А-2 автомобиль жолы қайта жаңартылуда. Нысанның 7, 8-ші кезеңін биыл пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ, бүгінде шаһарда Қонаев даңғылының жалғасы Оңтүстік бағытқа қарай, жалпы Республика көшесіне балама ретінде салынуда. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес атқарылып жатыр.
Қалада жолдардың жалпы ұзындығы – 3 247,6 шақырым. Оның ішінде, асфальтбетонды жабындысы – 2312,3 шақырым, шағал тас – 831,4 шақырым, топырақ жолдар – 103,9 шақырым. 2024 жылы Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын дамыту бағытында 47 нысан (159,6 шақырым) жол жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде 17 көшеде (49,9 шақырым) құрылыс жүріп, қайта жаңғыртылады, 2 көшеге (17,1 шақырым) күрделі жөндеу жүргізіледі. 29 көше (92,6 шақырым) орташа жөндеуден өтеді. Жыл соңында 35 нысанды (113,2 шақырым) пайдалануға беру жоспарлануда.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 450 шақырым жолды таңбалау жұмыстары, 85 000 шаршы метр шұңқырды жамау, тегістеу қабаттарын салу, тротуарларда пайда болған ақауларды жою, 296 бағдаршамды, 16 500 жол белгісін күтіп ұстау, 16 жаңа бағдаршам орнату, 4000 жол белгілсін орнату жұмыстары атқарылуда. Биыл 800 метр жасанды жол кедергілері орнатылады.
Жол қиылыстары мен көлік өткізу қабілетін арттыру мақсатында жыл соңына дейін 190 бағдаршамда интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жоспарлануда. Жоспар бойынша 2026 жылға қарай қаладағы барлық бағдаршамдар толық ITS интеллектуалды көлік жүйесіне қосылады.
Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күре тамыры. Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев жолдың сапасы жақсармай, еліміздің дамуы туралы сөз қозғау мүмкін емес дегенді айтқан болатын. Расында, үшінші мегаполистің қозғалысы, дамуы үшін де ең әәуелі жолдарды реттеу маңызды мәселе болып қала бермек.