Шымкент: 203 шақырым жол жөндеу жұмыстары аяқталды

Аймақ
08.09.2020, 19:30

Сонымен қатар, қалада жол өткелдерін ретке келтіру, аялдама мен бағдаршам орнату жұмыстары да қолға алынған

Шымкент: 203 шақырым жол жөндеу жұмыстары аяқталды

Шымкентте жол құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері 160 көшеде, жалпы 203 шақырым жол жөндеу жұмыстары аяқталды. Енді жоспардағы 99 көшеде, жалпы 213 шақырымдық жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін атқарылады. Жалпы, қыркүйек және қазан айларында біршама жол құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, қалада жол өткелдерін ретке келтіру, аялдама мен бағдаршам орнату жұмыстары да қолға алынған.

Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов демалыс күндері арнайы жол құрылысы жұмыстарының барысымен танысып, сала өкілдеріне бірқатар тапсырмалар берді. Жауапты мамандарға жолдардың сапасына баса назар аудару қажеттігін ескертті.

– Қалада жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Алдыңғы кейпімен салыстырғанда қазір әлдеқайда қала көріктеніп, жолдар жақсарып қалды. Дегенмен сапасына, алдағы уақыттағы төзімділігіне назар аудару керек. Тұрғындардың ұсыныс-пікірін, олар үшін қолайлылығын да ескеруіміз керек. Әлеуметтік желіде күн сайын жол мәселесіне қатысты шағымдарды қарап отырамын. Ондай кедергілер туындамауы керек. Барынша қауіпсіз әрі сапалы жұмыс істелуі қажет. Сонымен қатар, шет аймақтардағы тас жолдарға қатысты мәселені де ертерек шешу амалдарын қарастырыңыздар. Біздің көшелер мегаполиске сай болуы керек, – деді қала әкімінің орынбасары.

Шаһарда аялдамаларды жаңарту жұмыстары да қарқын алған. Бүгінде 133 басты жолдарда 260 жаңа аялдама орнатылды.
Сондай-ақ, қалада қыркүйек айынан бастап Shymkent bike велосипедтері қайта іске қосылды. Қазіргі таңда 40 велостанция жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы хабарлады.

Сұхбат

PhotoRoom