Құс тұмауына қарсы вакцинация уақытында жүргізілген жоқ – Мәжіліс депутаты

Әлеумет
30.09.2020, 18:08

Депутат Нұржан Әшімбетов Ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алды

Құс тұмауына қарсы вакцинация уақытында жүргізілген жоқ – Мәжіліс депутаты
Фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов Үкімет басшысы Асқар Маминге құс тұмауына байланысты депутаттық сауал жолдады.

«Бүгінгі таңда республиканың жеті облысында немесе 50-ден астам елдімекенде карантин жарияланды, 200 мыңнан астам құс жойылды. Егер тиімді шаралар қабылданбаса, құс шаруашылығы айтарлықтай шығынға ұшырайды, бұл өнімдердің қымбаттауына, халық табысының төмендеуіне және құс фабрикаларының банкротқа ұшырауына әкеледі», - деді депутат сауалында.

Мәжіліс депутаты Ауыл шаруашылығы құс тұмауына байланысты карантиндік шаралар туралы алғашқы мәлімдемесін тек қыркүйек айының ортасында жасағанын айтты.

«Құс тұмауының» өршуі бүкіл әлемде байқалды. Тамыз айының басында Ресейдің шекаралас облыстарында (Омбы, Челябі облыстарында) аурудың таралғаны туралы ақпарат шықты. Біздің «ветеринарлық қызмет» бұл сигналға қаншалықты тез әрекет етті? Солтүстік Қазақстан облысындағы эпидемиядан зардап шеккен «Бішкүл құс фабрикасының» өкілі вакцинацияға дайын болмағанымызды айтады. Уәкілетті орган ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі карантиндік шаралар туралы алғашқы мәлімдемесін тек қыркүйек айының ортасында жасады», - дейді ол.

Депутат елімізде құс тұмауына қарсы вакцинация уақытында жүргізілмегенін айтты.

«Инфекцияның негізгі тасымалдаушысы ретінде жабайы құстар болып табылады, алайда, аурудың 50 елдімекенде бірден таралуын қалай түсіндіруге болады, әсіресе құс фабрикаларының жабық аймақтарында? Негізгі себептердің бірі вакцинацияның уақтылы жүргізілмеуі болды деп есептейміз. Сонымен, аурудың таралуы мүмкін аудандардағы жеке қосалқы шаруашылықтардағы құстарды вакцинациялау бюджеттен қаржыландырылады. Бүгін біз шаралардың уақытылы жүргізілмегендігін, әрі, вакцинаның аймақтарға тура айтқанда «дөңгелектен» берілетінін көріп отырмыз. Үй аулаларындағы құстардың үлкен көлемде өлуіне жол берілді, мемлекеттік бюджеттен өтемақы күтілуде», - деп тоқталды.

Сондай-ақ Нұржан Әшімбетов құс тұмауына қарсы отандық вакцинаның тым қымбат екенін айтты.

«2019 жылға дейін құс фабрикаларына вакциналар мемлекеттік бюджет есебінен жеткізіліп келген. Қазіргі таңда кәсіпорындар оларды өз есебінен сатып алуда. Енді, белгілі болғандай, зардап шеккен құс фабрикаларында вакцина егілмеген, ал ветеринарлық инспекциялар бақылауды жасамаған. Құс фабрикаларының басшылары тек енді ғана вакциналардың қол жетімділігі, олардың сапасы, бағасы туралы сұрақ қоя бастады. Мысалы, отандық вакцинаның бір дозасының құны - 52 теңге, шетелдік аналогтары - 25-30 теңге. Министрлік сонымен қатар құс фабрикаларын вакциналармен қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестірмейді», - дейді ол.

Сұхбат

PhotoRoom