Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте барлығы 58 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемесі жұмыс істейді.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» Қорының Шымкент қаласы бойынша филиалы мен қаладағы барлық емханалар арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Тараптар келісімді іске асыру барысында медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын және пациенттермен кері байланысты арттыруды, МӘМС жүйесін жетілдіру мен халықты ақпараттандыруды көздейді.
Бүгінгі таңда Шымкентте 58 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемесі қызмет көрсетеді. Оның 13-і мемлекеттік медициналық ұйым. Емханаларға тіркелген халық саны 1 226 561 адамды құрайды. Емханалық деңгейде консультациялық –диагностикалық қызметтер мен бейінді мамандарға көріну және дәрі-дәрмектермен қамту сынды медициналық қызметтің ауқымы да едәуір кеңейген. Шымкенттіктердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылу қарқыны артуда. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 927 579 азамат, яғни халықтың 82,1 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 725 мыңнан астам адамның жарнасын мемлекет төлеуде. Сақтандырылмаған азаматтар саны 220 731.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар міндет жүктеген болатын. МӘМС жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Осы уақыт ішінде бұл саланың бюджеті 2 есе артқан.
«Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек», – деді Президент өз сөзінде.