Екі ел арасында 1992 жылы жылдан бастап дипломатиялық қатынастар орнап, 30 жылдан астам уақыт аралығында Қазақстан мен Қытай экономикалық, саяси, мәдени, білім және тағы да басқа салаларда тығыз байланыстар орнатқан.
Биылғы жылдың өзінде екіжақты ынтымақтастықты орнату мақсатында бірқатар кездесулер мен іс-шаралар, екіжақты келісімдер жасалып, қабылдаулар өткізілді.
Мәселен, көлік-логистика саласындағы байланыстың бірі - Сиань қаласындағы көлік-логистика орталығының ашылу рәсіміне телекөпір арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысып, орталықты іске қосуын атап өтуге болады.
«Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы бойынша іске қосылған жоба табысты серіктестіңтің нәтижесі екендігін алға тартқан ел Президенті, бірлескен күштің, екіжақты мамандардың белсенділігінің арқасында орталық сапалы салынып, құрылысы қысқа мерзімде аяқталғанын айтты.
Сонымен қатар, Мемлекет Басшысы бірлесе қолға алынған жобаларды жүзеге асыруда белсенділік танытып жүрген шетелдік компанияларға алғысын білдірді.
Одан бөлек, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитеті хатшысының орынбасары Эркин Туниязды қабылдап, Қазақстан-Қытай елдерінің, оның ішінде еліміздің Шыңжаңмен туризм, ауыл шаруашылығы, сауда, өнеркәсіп салаларындағы қарым-қатынастардағы жетістіктерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында Хайнань провинциясында өткен Боао Азия форумының (БАФ) пленарлық сессиясының ашылу рәсіміне қатысып, құрметті қонақ ретінде сөз сөйлеп, форумның диалог пен халықаралық ынтымақтастық орталығы ретіндегі рөліне тоқталды.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналғандығына тоқталып, екі ел арасындағы тауар айналымы 41 млрд АҚШ долларын құраса, жүк тасымалының көлемі 22 пайызға өскендігін алға тарты.
Еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсімінен хабардар етіп, қатысушыларды экономикамызға инвестиция құюға шақырды.
Сондай-ақ, бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесіп, форумның ұйымдастырылуы мен екі ел арасындағы қарым-қатынастарды сөз етті.
Өз кезегінде Чжао Лэцзи Форумға қатысқан еліміздің Президентіне алғысын білдіріп, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуына ерекше мән беретінін жеткізді.
Келіссөздер барысында түрлі салалардағы жобалардың жүзеге асырылу барысы мен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдары қарастырылды.
Одан әрі Президент елімізде электр станциясын салу жобасына қатысып отырған қытайлық компания Sany Group Co. Ltd Директорлар кеңесінің төрағасы Сян Вэньбоны қабылдап, ықпалдастықты одан әрі дамытуды талқылады.
Ал сәуірде ҚХР Қорғаныс министрі Дун Цзюньді қабылдап, халықаралық қауіпсіздіктің негізгі мәселелеріне тоқталып, бұл бағытта екі ел көзқарастары ұқсас екендігі айтылды.
Президент ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Лю Гочжунды қабылдап, қазақ-қытай стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, мәңгілік достығы мен сауда-экономикалық жетістіктері талқыланды.
Мамырда ҚХР Сыртқы істер министрі Ван Иді қабылдап, халықаралық ұйымдардағы екі ел арасындағы қатынастарды жоғары бағалап, үкіметаралық қатынастарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Былтыр қараша айында Астана қаласында қол қойылған келісімнің мақсаты - мәдени орталықтарды құру, мәдени-гуманитарлық салада ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
Ал осы келісімді ратификациялау бірқатар салалардағы байланысты кеңейтіп қана қоймай, екі елдің тарихи-мәдени мұрасын ілгерілетуге, насихаттауға оң серпін береді деп күтілуде.
Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Jumway Group» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ху Цзяньсюнмен кездесіп, бірлескен инвестициялық жобаларды талқылап, елімізде ойын-сауық орталықтары мен демалыс аймақтарын, жылжымайтын тұрғын үй кешендерін салу жоспарлары қарастырылды.
«Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы» аясында 20-22 маусым аралығында қытайдың бірқатар қалаларында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының гастролі ұйымдастырылып, қатысқан көрермендердің саны 2000-нан асты.
Еліміздің дипломаты Шахрат Нұрышев «Sinopec Engineering Group» Бас директоры Чжан Синьминмен кездесіп, мұнай-газ өндіру және өңдеу, мұнайхимия салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.
Айта кету керек, екі ел расындағы әріптестікті одан әрі нығайту, ынтымақтастықты дамыту мақсатында биылғы жылдың шілдесінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуі жоспарлануда.
Қорыта айтқанда, бірлескен жобалар мен келіссөздер, халықаралық ұйымдардағы бірлескен жұмыстардың арқасында екі ел арасындағы қарым-қатынас жыл санап нығайып, барлық салаларда ынтымақтастық нық орнатылған.