Беларусь Республикасы ШЫҰ-ның жаңа мүшесі

Рейтинг
05.07.2024, 09:52
Беларусь Республикасы ШЫҰ-ның жаңа мүшесі

Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы ұйымдастырылып, Беларусь Республикасы ұйым қатарына қосылып, ұйымға мүше мемлекет мәртебесі берілді.

30 жылға жетпейтін тарихы бар аталған ұйымның құрылғанында құрылтайшылары ретінде 5 мемлекет кірсе, бүгінде ШЫҰ-ға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан 10 мемлекет мүше болып отыр.

Бүгінде бұл кеңістікте 3 млрд-тан астам адам тұрса, әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы ұйымға мүше елдерге тиесілі болып отыр.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұйымға төрағалығы аясында атқарылған жұмыстарға тоқтала отырып, осы аралықта 150-ге жуық іс-шаралар ұйымдастырылғанын, оның ішінде түрлі салаларда форумдар, жастар кеңестері өткендігін айтты.

ШЫҰ шарттық базасы 60 құжатпен толықтырылып, серіктес ретінде саналатын халықаралық ұйымдардың саны артқан.

Сонымен қатар, Президент мәдени-гуманитарлық саладағы әріптестікті нығайту мақсатында «ШЫҰ Жібек жолы» бірінші халықаралық музыка фестивалі мен «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасына тоқталып өтті.

Мемлекет басшысы еліміз Ұйымға төрағалығы аясында барлық қойылған мақсат-міндеттер толығымен орындалғанын айтып, «Шанхай ондығына» кіретін мемлекеттер үшін маңызды бағыттарға тоқталды.

Әлемдегі қауіпсіздік пен бейбітшілікті орнатудағы ШЫҰ рөлі мен мүмкіндіктері, сонымен қатар «Үш зұлым күшпен» күрес мәселесі назардан тыс қалмайтындығы айтылды.

Сондай-ақ ел Президенті ШЫҰ маңызды міндеттері ретінде климаттың сын-қатерлерімен күресу, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейту, капитал мен технологияның еркін қозғалысына жағдай жасау екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық, көлік байланыстарын нығайтуға тоқтала келе,  бірқатар бағыттар бойынша трансеуразиялық дәлізді дамытуда бірлескен жұмыстарға баса мән берілетінін айтты.

Қазақстан Президенті ШЫҰ реформалау қажеттігіне назар аударып, Ұйым аясының кеңеюімен жаңа мүмкіндіктер туындап жатқандығын хабарлап, ШЫҰ Хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді қолдайтынын жеткізді.

Сөзін қорытындылай келе ел Президенті ШЫҰ мүше мемлекеттер басшыларына қолдаулары үшін алғысын білдіріп, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне төраға болуымен құттықтады.

Одан бөлек, Саммитте Қытай Төрағасы Си Цзиньпин, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президентінің міндетін атқарушы Мұхаммед Мохбер, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және басқалар сөз сөйледі.

Кеңес отырысының қорытындысымен Астана декларациясына, «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» Шанхай ынтымақтастық ұйымының бастамасын бекіту жөніндегі кеңес шешіміне, Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасына, Қытай Халық Республикасының Циндао қаласын Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2024-2025 жылдардағы туристік және мәдени астанасы ретінде жариялау туралы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы туралы,  қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге және басқа да бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

Сұхбат

PhotoRoom