Шымкент: Мәртөбе тарихи кешенінде келер ұрпаққа жолдау жазылған капсула салынды

Аймақ
01.10.2020, 10:00

Бұл аумақта әйгілі Дала парламентінің келелі жиындары өтіп, «Жеті жарғыға» сүйене отырып тарихта ізі қалған маңызды шешімдер қабылданған

Шымкент: Мәртөбе тарихи кешенінде келер ұрпаққа жолдау жазылған капсула салынды

Бүгін Шымкент қаласындағы Мәртөбе тарихи кешенінде келешек ұрпаққа жолдау жазылған капсула қаланды. Шараға қала әкімі М.Әйтенов, Шымкент қалалық сотының төрағасы Е.Рахимбеков, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғ.Ташқараев қатысты.

Жиында сөз алған қала басшысы бүгінгі іс-шараның маңыздылығына тоқталып, Мәртөбе - ел тарихында айрықша мәнге ие тарихи орын екенін айтты.

«Мәртөбе - елдігіміздің мәртебесін, бірлігіміздің берекесін айшықтаған жер. Бұл аумақта әйгілі Дала парламентінің келелі жиындары өтіп, «Жеті жарғыға» сүйене отырып тарихта ізі қалған маңызды шешімдер қабылданған. Қазақ тарихы қашанда бірігу тарихы болғанын білеміз. Ішкі бірлігімізді бекемдеген, елдігіміздің еңсесін көтерген мұндай қасиетті орындар ел жадында мәңгі сақталмақ»,-деді М.Әйтенов.

Сот қызметкерлерінің келешек ұрпаққа қалдырған жолдауында 14-15 ғасырлардан бастау алған қазақ елінің заңнама тарихы мен егеменді еліміздің бүгінгі Заң үстемдігі баяндалған.

АНЫҚТАМА: Мәртөбе кешені Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабынан Қарамұрт ауылына қарай шыға беріс жолдың сол жақ бетінде орналасқан. Бұл төбе ҮІІ-ХІІ ғасырлардағы қалашықтың орны. 20*30м өлшемді цитадель. Биіктігі 6-7 м, төбесі - тегіс.

Мұнда ХҮІІ ғасырда билік басына келген Есім ханнан бастап, ХҮІІІ ғасырдағы Тәуке хан тұсына дейін алты алаштың баласы бас қосып, билер кеңес құрған. «Есім ханның ескі жолы» және «Жеті жарғы» да осы маңда талқыға түсіп, жарияланған. «Жеті жарғыны» қабылдар сәтте қазақтың атақты би-шешендерінен 12 би, олардың қатарында Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билерден өзге Жайма, Сасық, Көкім билер да қатысқан. Мәртөбенің ұлы дала парламенті аталуы осыдан.

Сұхбат

PhotoRoom