Биылғы жылға екінші рет ұйымдастырылған Қытай Халық Республикасына іссапар барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Шэньси провинциясының Вэйнань қаласында орналасқан «Weinan Jianguo» қонақүйімен танысудан бастады.
Себебі осы жобамен Түркістанда бес жұлдызды қонақүймен қатар, аквопарк, бейнебақылау камераларын шығаратын зауыт салынбақ. Жалпы құны 270 млн АҚШ долларын құрайтын жобаға арнайы экономикалық аймақтан 11,8 гектар жер учаскесі нақтыланған.
Одан әрі облыс әкімі инвестициялық жобаларды талқылау мақсатында Вэйнань қаласы халық үкіметінің қала әкімі Чен Сяоюн, Шэнси провинциясының халықаралық достық қоғамы төрағасының орынбасары Цао Хуэймен кездесіп, шаруалардың білімін жетілдіру бойынша үлкен жобаны қолға алуды келісті.
Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытуда атқарылған жұмыстарды талқылап, одан әрі өңіраралық байланыстарды нығайту жолдарын қарастыра келе, Түркістан облысы мен Вэйнань қаласы арасындағы әріптестікті, байланысты нығайту, экономикалық қарым-қатынастарды орнату туралы меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ, кездесуде Түркістан өңірінің бизнеске қолайлығы мен инвесторларға мемлекеттік қолдау көрсету жайы талқыланып, әлемдік нарыққа шығудағы облыс арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі айтылды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды түркі әлемінің рухани астанасы ретінде Түркістанда туризмді одан әрі дамыту жайында айтып, бүгінгі кездесу екі өңірге де түрлі салаларда дамуға серпін беретініне тоқталды.
Ауыл шаруашылығы, логистика салалары дамыған Вэйнань қаласы жеміс-жидек өсіруден ҚХР-да көш бастап тұр. Аталған өңірде жүзімнің сан алуан түрлері кездесетін ең ірі жүзім бағы ораналасқан.
Сондай-ақ, облыстық делегация ірі өнеркәсіп орындарын, атап айтқанда ең ірі ұн өндіретін, одан бөлек мақсары майын өндіретін кәсіпорындарды аралап, индустриалды зонаның жұмысымен танысты.
Одан әрі, облыс әкімі бастаған Түркістандық делегация жұмыс сапарларын Сиань қаласында жалғастырып, Шэньси провинциясы партия комитетінің хатшысы Чжао Идэмен кездесті.
Кездесуде Түркістан облысы мен Шэньси провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойылды.
Екі елдің 80-нен астам кәсіпорындарының өкілдері қатысқан сауда-экономикалық форумда облыс әкімі Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстыра келе, әр шетелдік инвестормен жеке жұмыс жасауға әзір екендігін жеткізді.
Кездесу қорытындысымен бірқатар салаларды дамыту бойынша құжаттарға, оның ішінде цифрландыру арқылы ауылшаруашылық дақылдарын өсіру,халықаралық мектеп салу, IT, құрылысты дамыту, травертин өндіру туралы меморандумға қол қойылды.
Іссапар барысындағы кездесу Мяньян қалалық партия комитетінің тұрақты комитетінің мүшесі және вице-мэрі Ву Хао бастаған делегациямен жалғасып, ауыл шаруашылық, денсаулық, білім, туризм салаларын дамыту бойынша келісімдер талқыланды.
Сондай-ақ, құрылыс материалдарын өндіру зауытын салу, жаңа көкөніс қоймасын салу жөнінде де келіссөздер өтті.
Айта кету керек, шілде айының басында Астанада «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» Cаммиті аясында Қазақстан-Қытай бірлескен іскерлік кеңесіне облыс әкімі арнайы қатысып, қытайлық кәсіпкерлермен 1 млрд 615 млн АҚШ долларын құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Одан бөлек, қуат көзін көп пайдаланатын өңір болғандықтан баламалы энергия көздерін өндіру жобалары талқыланған.
Сонымен қатар, Қазақстанда мақта өсіретін жалғыз өңір ретінде Түркістан облысында мақта талшығын қайта өңдейтін зауыт, жіп иіру зауыты мен мата фабрикасын салу көзделген. Ал аталған жобаны жүзеге асыруға Қытайлық «Xinjiang Lihua(Group) Co., Ltd» компаниясы 440 млн АҚШ доллар көлемінде инвестиция бағыттамақ.