Шымкент: Қала әкімі мүгедектерді оңалту орталығының жұмысымен танысты

Аймақ
05.10.2020, 16:57

Орталық 70 орынға лайықталған

Шымкент: Қала әкімі мүгедектерді оңалту орталығының жұмысымен танысты

Қазан айының екінші жексенбісі Қазақстанда мүгедектер күні болып бекітілген. Халықаралық мүгедектер күнін атап өту мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемаларына, ар-намысы мен құқықтарын қорғау мәселесіне қоғам назарын аударуға, сондай-ақ, мүгедектердің еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өміріне белсенді араласуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Осыған орай, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Шапағат» оңалту орталығында болып, мекеменің жұмысымен танысты деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

«Шапағат» мүгедектерге арналған оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі психо-неврологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Өткен жылы ашылған орталық 70 орынға лайықталған. Онда келушілерге барлық жағдай жасалған. Инструктор мамандардың көмегімен дене шынықтыру кабинетінің қызметін пайдалана алады. Арнайы кабинеттерде мүгедектер дәрігер нұсқауы бойынша түрлі ем-дом қабылдайды.

Мұрат Дүйсенбекұлы мемлекет мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әрдайым қамқорлық көрсететінін, әлеуметтік төлемдердің мөлшері тұрақты түрде өсіп келе жатқанын айтты.

Жалпы, Шымкент қаласында  мүмкіндігі шектеулі 37 мыңға жуық адам есепке алынған.

Осы санаттағы адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында биыл бюджет көздерінен  бөлінген қаржыға арнайы құралдардың 55 түрі сатып алынып, арнайы қызметтердің 4 түрі көрсетілуде.

Биыл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен Шымкент қаласына 406 дана электронды қоларба бөлінген. Жыл басынан бері 100 дана электронды қоларба келіп,  I, II-топтағы мүгедектерге үлестірілуде. Қалған 306 данасы жыл соңына дейін мұқтаж жандарға таратылады. Бюджеттен қосымша 1 210 серуендік және бөлмелік қол арба алуға келісімшарт түзілген.

Сонымен қатар Шымкенттегі алты арнаулы әлеуметтік мекеме мүгедектігі бар 1 725 адамға қызмет көрсеткен.

Атап айтқанда,  психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған балалар мен  психоневрологиялық ауруы бар 18 жастан асқан азаматтар, І және ІІ-топтағы мүгедектер мен қарттарға стационарлық, жартылай стационарлық режимде және үйде оңалту шаралары жүргізілген. 

Мұнан бөлек мемлекеттік мекемелерге альтернатива ретінде үкіметтік емес ұйымдар да осы санаттағы азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсетуде.

Сұхбат

PhotoRoom