Қазақстан мен Корея арасындағы туризм және мәдениет саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамуда

Рейтинг
16.07.2024, 12:57

Еліміздің сыртқы саясаттағы маңызды серіктестерінің бірі Оңтүстік Кореямен ынтымақтастық 1992 жылдан бері өрбіп, экономика саласында, әсіресе сауда, инвестиция бағыттарында әріптестік қарқынды дамуда.

Оған дәлел, Сауда және интеграция министрлігінің ақпаратына сәйкес биылғы жылғы екі ел арасындағы қаңтар-сәуір айларындағы тауар айналысы $1,4 млрд құраса, ал елімізден экспорт $ 735,8 млн құраған.

Қазақстан мен Корея арасындағы туризм және мәдениет саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамуда

Қазақстан-Корея қарым-қатынастарында туризм және мәдениет саласына да ерекше көңіл бөлініп, биылғы жылдың шілдесінде Сеулде «Орталық Азияның үш еліне арналған жолсілтеме» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды.

Аталған аймақтағы туризмдік мүмкіндіктер, тарихи-мәдени орындар мен көрікті жерлері сипатталған кітаптың тұсаукересіне Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан миссияларының басшылары, Кореяның жетекші туроператорлары мен әуе компанияларының өкілдері, тілшілер қатысты.

Іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлетінін айтып, бұл саланы жетілдіруге қатысты атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Елші ағымдағы жылдың 8-13 қыркүйегінде Қазақстанда өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушыларды шақырып, екі ел арасында барлық салалардағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Кітаптың авторы корей жазушысы Со Пён Ён Орталық Азия өңірінің туристік бағыттарын сипаттайтын кітабына жан-жақты тоқталып, табиғаттың сан алуандығын сипаттап, туризмді дамытудың маңызды тұстарынан хабардар етті.

Сонымен қатар іс-шара соңында автор естелік ретінде қатысушыларға кітабын таратып, бұл маңызды оқиға өңірлер арасындағы мәдени-туристік ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Шілде айында Орталық Азия елдері мен Корея суретшілерінің «K-Art with North» атты көрмесі ұйымдастырылып, онда қазақстандық суретші Бақыт Шүкеевтың еңбектері ұсынылды.

Одан бөлек, 4-6 шілде аралығында Сеулде өткен «Korea Import Fair 2024» халықаралық импорттық тауарлар көрмесінде қазақстандық стенд ұйымдастырылды.

Бұл іс-шараның басты бағыты – Корея Республикасында шет елдердің тауарлары мен өнімдерін ілгерілету, әлеуетті серіктестер табуға мүмкіндіктер беру болып табылады.

Аталған көрмеде «FruitLab», «Iki» органикалық шырындары, «Бахус» сусындары, «Sigara Borek» жартылай фабрикаттары мен «Air Astana» секілді компаниялардың қызметтері мен өнімдері таныстырылды.

Іс-шараның ұйымдастырушысы Корей импорттаушылар қауымдастығы (KOIMA) Төрағасы Ким Бён Гван серіктес елдермен импортты кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.

Аталған көрмеге 50 елден 200-ден астам компания қатысып, бірінші күннің өзінде қазақстандық стендті аралаған кореялық компаниялар қазақстандық компаниялармен ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.

Сонымен қатар, 11 шілдеде Кореяның астанасында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов Корея Республикасының Сыртқы істер министрінің климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі орынбасары Ким Хё Ынмен кездесіп, климаттың өзгеруімен күрес, бұл бағыттағы халықаралық ынтымақтастық жайын талқылады.

Кездесуде орман және су шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық талқыланып, Арал теңізін құтқарудағы халықаралық әріптестік айтылды.

Сұхбат

PhotoRoom