Еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Сербияның Қазақстандағы Елшісі Владимир Йовичичпен кездесіп, ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, тамақ өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықтың даму перспективалары мен екіжақты серіктестіктің қарқынын талқылады.
Одан бөлек, кездесуде биылғы жылдың қыркүйегінде Қазақстан-Сербия үкіметаралық комиссиясының үшінші отырысына дайындық барысын қарастырып, аталған ҮАК-тың кезекті отырысы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі кеңейтуге ықпал ететіні айтылды.
Сонымен қатар, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-сербия үкіметаралық комиссиясының үшінші отырысын өткізу мәселелері Қазақстан Елшісі Мәди Атамқұлов пен Сербияның ішкі және сыртқы сауда министрі Томислав Момировичтың кездесуінде де талқыланған болатын.
Мәди Атамқұлов екіжақты тауар айналымын әртараптандыру қажеттігіне тоқталса, Томислав Момирович Сербия бірлескен экономикалық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырғандықтарын растады.
Кездесу соңында ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын анықтау мақсатында серб тарапы 2025 жылдың басында бизнес делегациямен елімізге келуге дайын екендіктерін жеткізді.
Екі ел арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытудың бағыттарын қазақстандық дипломат Мәди Атамқұлов пен Сербияның Халықаралық экономикалық ынтымақтастығын дамытуға жауапты портфельсіз министр Ненад Поповичтің кездесуінде талқыланды.
Тараптар инновациялар, робототехника, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, шағын және орта бизнес арасындағы қарым-қатынастарды нығайту, экономикалық серіктестік бағыттарын кеңейту жолдарын қарастырып, екі ел арасында тікелей рейс ашуға қызығушылықтарын танытты.
Сондай-ақ, еліміздің ішкі және сыртқы саяси басымдықтары, инвестициялық ахуалы мен заңның үстемдігін нығайтуға бағытталған негізгі реформалармен Сербиядағы Елші Мәди Атамқұлов Белград қаласындағы Халықаралық саясат және экономика институтында «Қазақстан – Орта держава» атты дәріс барысында таныстырды.
Елші еліміздің жаһандық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты көзқарасына тоқтала отырып, ядролық қарусыздану, биологиялық қауіпсіздік салаларындағы бастамалары туралы айтып, биылғы жылғы Қазақстанның бірқатар халықаралық ұйымдарға төрағалығынан хабардар етті.
Дәріс барысында Елші қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Айта кету керек, 77 жылдық тарихы бар Халықаралық саясат және экономика институты Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы халықаралық қатынастарды зерттеуге арналған ең көне ғылыми-зерттеу институттарының бірі болып табылады.
Сербияның Қорғаныс министрі Братислав Гашичпен кездесуде елімізге жасаған сапары барысындағы келісімдер мен екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.
Сербияның Сомбор қаласында маусым айының соңында шет мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайту, тәжірибе және шығармашылық идеялармен алмасу мақсатында 10 елдің өкілдері қатысқан 17 - ші суретшілер симпозиумы өтті.
«Вукадинович» мәдениет және өнер қауымдастығының қолдауымен және ұйымдастыруымен өткен халықаралық суретшілер көрмесіне елімізден атақты суретші Лейла Махат қатысып, суретшілер жаңа туындамаларын бірлестікке сыйға тартты.
Осы тұрғыдағы іс-шара Қазақстанның Сербиядағы Елшілігі тарапынан Белград қ. халықаралық саясат және экономика институтында ұйымдастырылып, тарихтың түрлі кезеңдеріндегі барлық салалардың дамуына үлес қосқан қазақ халқының көрнекті өкілдерінің суреттері ұсынылған «Ұлы дала әйелдері» фотокөрмесі ұйымдастырылды.
Іс-шараның салтанатты ашылуында М.Атамқұлов еліміздің тәуелсіздігін қалыптастырудағы әйелдердің рөлі, бүгінде олардың саясатқа, қоғамдық қызметке, экономикаға қатысуын кеңейту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
Көрмені тамашалауға келген жұртшылыққа серб тіліне аударылған қазақ әдебиеті таныстырылып, ұлттық тағамдар ұсынылды.
Еліміздің Сербиямен спорт саласындағы ынтымақтастығы да артып келеді. Мәселен, Еуропаның 16 елінен 288 команда қатысқан Dragan Mance Cup (Сербия) балаларға арналған футболдан халықаралық турнирге елімізден «Ордабасы» ФК және «Оңтүстік» академиясының тәрбиеленушілері алғаш рет қатысып, жоғары шеберліктерін көрсетті.
Қазақстаннан барған жас спортшыларға танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып, «Црвена Звезда» ФК мен «Партизан» ФК стадиондарын аралады.
Мәдениет саласындағы қарым-қатынасты дамытып, қазақ мәдениетін Сербияда кеңінен таныстыру мақсатында М.Атамқұлов Сербия Ұлттық кітапханасының директоры Владимир Пишталомен кездесті.
Аталған кездесуде серб кітапханаларында қазақ мәдениеті орталығын ашу, кітапхана бағытында бірлескен жобалар, кездесулер, бағдарламалар мен көрмелер ұйымдастыру, қазақ әдебиетін таныстыру бағытындағы қазақстандық жазушылардың кітаптарын серб тіліне көптеп аудару тұстарын талқылады.
Сонымен қатар қазақ халық ертегілерінің серб тіліндегі жинағы кітапханаға тарту етілді.
Қазақстандық экспортты Сербия нарығына ілгерілету,екі елдің кәсіпкерлері арасында тікелей байланыстарды орнату мақсатында Елші М.Атамқұлов серб іскерлік қоғамдастығының өкілдерімен кездесіп, еліміздің инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарынан хабардар етті.
Тұқым шаруашылығын зерделеу, ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатымен қазақстандық Елші Нови-Сад қаласындағы Егін және көкөніс өсіру шаруашылығы институтына («NS Seme») барып, дипломат дәнді, майлы және көкөніс дақылдарының бірлескен гибридтерін құруды ұсынды.
Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу институтының жұмысымен таныса келе, жас ғалымдарды тағылымдамадан өткізу мүмкіндіктерін талқылады.
Жалпы екі ел арасындағы бірқатар салалардағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында түрлі бағыттағы іс-шаралар, кездесулер ұйымдастырылып, жаңа бағыттарды анықтау жолдары жетілдірілуде.