Қазақстан мен АҚШ цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Рейтинг
04.08.2024, 15:14
Қазақстан мен АҚШ цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Венчурлық инвестициялар, IT салаларында ынтымақтастықты дамыту, жетекші технологиялық алпауыттармен кездесу және елімізге тарту мақсатында қазақстандық делегация Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапарымен барды.

АҚШ Сауда палатасының алаңында Қазақстан-Америка іскерлік кеңесі мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, американдық тарапты елімізде мемлекеттік қызметтерді циярландыру, интернет желілерін жетілдіру, америкалық компаниялармен өзара байланыс бағыттары таныстырылды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов бастаған делегация ғарыштық технологиялар мен спутниктік коммуникациялар саласындағы серіктестікті дамыту бойынша бірқатар компаниялардың өкілдерімен кездесті.

Оның бірі, Bluetooth құрылғыларын ұялы байланыссыз қосу үшін ғаламдық спутниктік желі құратын Hubble Network компаниясының негізін қалаушы және атқарушы өкілі Алекс Харомен, сонымен қатар шағын геостационарлық байланыс спутниктерін әзірлеуге және өндіруге маманданған Astranis компаниясының өкілдерімен өтті.

Hubble Network компаниясымен келіссөзде елімізде IoT-құрылғыларды орналастыру жобасын іске қосуға келісілсе, екінші компаниямен «лизинг» моделі бойынша Astranis аппаратын пайдалану мүмкіндігіне мұқият талдауды жүргізуге келісті.

Сапар барысында венчурлік инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында  Andreessen Horowitz және Lightspeed Ventures ірі венчурлық қорларының өкілдерімен және «Sand Hill Road құпиялары», «The Venture Mindset» бестселлерлерінің авторларымен кездесті.

Кездесуде Премьер-Министрдің елімізге арнайы шақыруын аталған саладағы танымал сарапшы Илья Стребулаевқа табыстады.

Сан-Франциско қаласында қазақстандық делегация NVIDIA компаниясының өнімдерімен, соның ішінде Blackwell чипімен танысып, жасанды интеллект және суперкомпьютерлік технологиялар саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Аталған компаниямен келіссөздер барысында еліміздің оқу орындарында жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламаларын іске қосу, оны кейіннен қазақ тіліне локализациялау келісілді.

Одан бөлек, аталған саладағы мамандарды анықтап, оларды қолдау, жастардың цифрлық дағдыларын дамыту мақсатында хакатондар мен буткемптер өткізу жоспарлануда.

Айта кету керек, чиптегі графикалық процессорлар мен жүйелерді (SoC) жасаушы американдық компания бұл саладағы нарықтық айналымы 3 трлн долларға жеткен алғашқы компания болып табылады.

Сиэтлге сапар барысында азаматтық, әскери және ғарыштық ұшу аппараттарын шығаратын әлемдегі жетекші Boeing компаниясының өкілдерімен кездесіп, ұшақтарды құрастыру процесстерімен танысты.

Екі ел арасында тікелей рейстерді қамтамасыз ету үшін Dreamliner ұшағы елімізге 2025 жылдың соңына жоспарланғандығы айтылды.

Инновациялық шешімдерімен және жоғары сапа стандарттарымен танымал компанияның 2023 жылғы табысы шамамен 80 млрд долларды құраған.

АҚШ-қа жұмыс сапары барысында Министр Жаслан Мәдиев Draper University, Alchemist X, Stanford Healthcare Innovation Lab, Silkroad Innovation Hub-пен төрт келісімшартқа қол қойды.

Alchemist-тің «жетілген» B2B стартаптарына арналған бағдарламасының қатысушылары клиенттермен алғашқы келісімшарттарды жасауға және олардың қажеттіліктерін зерттеуге, АҚШ нарығына шығуға, тәжірибелі спикерлер мен менторлармен байланыс орнатуға қолдау алады.

Кремний алқабына акселерацияға 81 өтінімнің ішінен 10 стартап таңдап алынса, оның 7-і қазақстандық стартаптар.

Инновациялық жобаларды дамытып, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында Draper University өкілімен кездесу ұйымдастырылып, еліміздің 10 стартапының Hero Training бағдарламасына қатысуы туралы ниет хатқа (LOI) қол қойды.

Былтырғы жылы аталған бағдарламадан өткен 27 қазақстандық стартап айтарлықтай жетістіктерге жетіп, қомақты инвестиция алу мүмкіндігіне ие болған.

Денсаулық сақтау, психология, биологиялық ғылымдар саласындағы жұмыс істейтін стартаптарға қолдау көрсету мақсатында Стэнфорд медициналық мектебінің кафедра меңгерушісі, ғылым кандидаты Майкл Снайдермен жаңа бағдарламаны іске қосу туралы меморандумға қол қойылды.

Аталған бағдарламаға қатысушылар Стэнфорд ғалымдарымен бірлесе өз өнімдерін жетілдіріп, АҚШ нарығына шығуға мүмкіндіктер, кездесулер бетпе-бет форматта ұйымдастырылып, тәжірибелі инвесторлар мен кәсіпкерлерден жеке коучинг алады.

Еліміздің цифрлық экожүйесін дамыту, инновациялық жобаларды іске асыру мақатында қазақстандық делегацияның Microsoft компаниясының өкілдерімен кездесуі ұйымдастырылып, Қазақстанда Microsoft Azure деректер орталығын құру, аталған компанияның жасанды интеллект технологияларын қолдану этикасы мен қауіпсіздігі талқыланды.

Бұл компанияның озық шешімдерін қолдану  қазақстандық кәсіпкерлерге инновацияларды енгізуге, бәсекелестік қабілеттерін арттыруға септігін тигізеді.

Google компаниясының өкілдерімен кездесуде делегацияға жаңа өнімдері мен шешімдері таныстырылып, жасанды интеллект, бұлтты технологияларды дамыту бағыттарындағы ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды.

Сұхбат

PhotoRoom