Шымкент: «Іntellectualdy ult» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылмақ

Аймақ
12.10.2020, 11:45

Жобаның мақсаты жастарды зияткерлік спорт түріне баулу

Шымкент: «Іntellectualdy ult» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылмақ
Фото: Серік Қосай

Шымкент қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева және «Еркін ой» газетінің бас редакторы Балтабек Түйетаевтың қатысуымен ақпараттық-коммуникациялық орталығында «Intellectualdy ult» жалпыұлттық жобасы бойынша брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Жанар Әлібекқызы, ең алдымен, «Intellectualdy ult» жалпыұлттық жобасының мақсаты жайында жан-жақты жеткізді.

– Бұл жобаның мақсаты жастарды зияткерлік спорт түріне баулуға бағытталған.  Яғни, шахмат, тоғызқұмалақ және дойбы ойындары арқылы жастардың ойлау қабілетін арттырып, саналы ұрпақ қалыптастыру. Ғылымда: «Адам ойлау жүйесінің 30-ақ пайызын қолданады. Ал қалғаны жұмыс істету арқылы дамиды» деген қағида бар. Сол себепті жас буынның дұрыс ойлауын дамытуымыз керек. Мәселен, бүгінде жасөспірім жеңіл ойындарға, жеңіске жетуге құмар. Ал шахмат ойынының басты қағидасы – жеңіс емес, сол жеңіске қалай жету. Яғни, әр түрлі әдіс қолданып, стратегиялық қабілетін шыңдайды. Жастардың бойына жетпей жатқан осы бір қасиетті жетілдіру мақсатында бұл жобаны қолға алдық, – деді басқарма басшысы.

Брифинг барысында аталған жобаның жанашыры әрі жүзеге асырушысы Балтабек Түйетаев байқау жайында сөз қозғады.

– Бұл жоба аясында «Ойлы болсаң, озып көр!» байқауы өтеді. Ол 15 қазан күні басталып, жыл соңына дейін жалғасады. Жалпы жүлде қоры – 2,5 млн теңге. Сайыс жас ерекшеліктерге бөлінген. Олар – оқушылар, ересектер және ардагерлер. Бұл интеллектуалды ойындар ақыл-ой тәрбиесіне, жеке адамды қалыптастыруға ерекше ықпал етеді. Атап айтсам, қазақ топырағындағы ұлы тұлғалар А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердіұлы, М.Дулатұлы, Ш.Қалдаяқов және Ғ.Мүсірепов зияткерлік өнерімен дараланған, – деді Балтабек Исақұлы.

Айта кетейік, байқауда кәсіби мамандар төрешілік етеді.

Сұхбат

PhotoRoom