«ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТЕРДІ» ЖАБДЫҚТАУДЫ ЖЕРГІЛІКТІ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕР ІСКЕ АСЫРУДА

Рейтинг
19.08.2024, 17:17
«ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТЕРДІ» ЖАБДЫҚТАУДЫ ЖЕРГІЛІКТІ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕР ІСКЕ АСЫРУДА

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Оның ішінде Шымкент қаласында осы ұлттық жоба аясында 18 мектеп салу жоспарланған. Бүгінгі таңда 12 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қалған 6 білім ордасы 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

2023 жылы үшінші мегаполисте 12 мектептің құрылысы басталды. Бүгінде білім ошақтарының іші әрленіп, инженерлік желілер тартылуда және аулалары абаттандырылуда. Мектептер биыл қолданысқа тапсырылады деп күтілуде. Ұлттық жобаның жүзеге асырылу барысын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ қадағалайды. Ал Қазақстан бойынша ұлттық жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 369 заманауи мектеп салынады. Бұл 740 мың жаңа оқушыны қамтуға мүмкіндік береді. 
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Шымкент қаласы бойынша өңірлік басшысы Марат Қуанышбаевтың айтуынша, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылысшы компаниялар мен басқа да тауар өндірушілер арасындағы байланысқа көпір болып отыр. Жалпы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының ұстанымы – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау. 
«Жайлы мектептердің ауданы стандартты жалпы орта мектептерге қарағанда 15-20 пайызға үлкен болады, сондай-ақ, техникалық жарақтандыруы 4 есеге артып, компьютерлер, интерактивті тақталар сияқты заманауи құрылғылар көбірек болады. Құрылысқа барынша отандық өнім пайдаланылуда. Қазақстандық материалдардың орташа үлесі шамамен 70 пайызды құрайды. Қада, цемент, қиыршық тастан бастап, қасбет және шатыр материалдарына дейін – отандық өнім. Жайлы мектептерге арналған жиһаз да тек қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынады. Бұл ретте басымдық жергілікті компанияларға беріледі», – дейді Марат Қуанышбаев.
Осылайша жаңа типтегі білім ордаларына қажетті жабдықтарды жергілікті тауар өндірушілерге тапсырыс беруде. Олар мердігерлермен келісімшартқа отырып, оқу құралдарымен жабдықтап жатыр.
Сала мамандары мен сарапшылардың айтуынша, елімізде алғаш рет жүзеге асырылып отырған пилоттық жоба қазақстандық компанияларды, жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың үлкен тетігіне айналып келеді. Бұл кәсіпкерлерді қолдап, ұлттық жобаға бөлінген қаржының ел экономикасына жұмыс істеуіне көмек болады.
Жауапты мамандар құрылыс компаниялары мен жиһаз өндірушілерге ең басты талап – құрылыс пен оқу жабдықтарының сапалы болуы екенін әлдеқашан жеткізген. Бұл талапты қалалық әкімдік те, білім басқармасының мамандары да қадағалап отыр. Осы мақсатта жылдың басында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жиһаз жасаушылармен, «Жайлы мектеп» жобасына қатысушылармен арнайы кездесті.
Қазіргі таңда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкентте салынып жатқан 12 мектеп құрылысының бас мердігерлері жергілікті 5 жиһаз компаниясымен келісімшартқа тұрған. Бұл жиһаз өндірушілер өздері алған тапсырыстың бір бөлігін жергілікті тағы 4 өндірушіге бөліп берді.

Сұхбат

PhotoRoom