Елімізде материалдық өндірістің ең маңызды түрлерінің бірі болып табылатын ауыл шаруашылығы екі саланы, яғни өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын қамтиды.
Бүгінде ауыл шаруашылығын дамытумен қатар, бұл бағытта халықаралық ынтымақтастыққа ерекше ден қойылуда.
Жыл басынан шет мемлекеттермен жоғары деңгейдегі кездесулер, ресми сапарлар ұйымдастырылып, бұл саладағы экспорт мен импортқа ерекше назар аударылуда.
Мәселен, өткен жылы Армениядан ашытылған сусындар, минералды сулар, жеміс шырындары, консервіленген көкөністер импортталған. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2,9 млн долларды, ал импорт – 6,3 млн долларды құрап отыр.
Дегенімен, бұл салада екі ел арасында мүмкіндіктер толық пайдаланбай, Қазақстаннан ет пен күнбағыс майын экспорттауға, ал Армениядан шоколадтар, ерте піскен көкөністер мен жаңғақтарды жеткізу әлеуеттері қолданылмай отыр.
Осы және басқа да ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді талқылау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Армения Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Армен Гевондянмен кездесті.
Кездесуде Елші Қазақстанның бидайын экспорттауға, фитосанитариялық қауіпсіздік және ветеринария мәселелеріне қызығушылық танытты.
Нәтижесінде тараптар ауыл шаруашылығы саласында тәжірибе және технологиялар алмасуға, тұқым шаруашылығы саласындағы әріптестікті нығайтуға, сауда көлемін арттыруға келісті.
Ал, ҚХР ұйымдастыруымен Қытай мен Орталық Азия арасындағы заманауи мал шаруашылығын дамыту бойынша оқу курсы ұйымдастырылып, оған Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан өкілдері қатысты.
Оқу курсына қатысушыларға сүт фермаларының, өсімдік және мал шаруашылығымен айналысатын кооперативтердің жұмыстары таныстырылып, ет, мал, қой шаруашылығы саласын дамыту мен эпидемиялық аурулардың алдын алу тақырыптарында дәрістер оқылды.
Одан әрі Орталық Азия мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық талқыланған симпозиум өтіп, онда ауылдық жерлерді, ауыл шаруашылығын дамыту, бұл салада кездесетін аурулардың алдын алу, өнімді стандарттау бойынша пікір алмасты.
Ал, тәжірибе алмасу мақсатында «Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институты» ЖШС өкілдері Қытай Халық Республикасында ғылыми тағылымдамадан өтті. Отандық ғалымдар жайылымдық мал шаруашылығын басқарудың жүйесін талқылап, аграрлық секторды ілгерілетудің маңызды аспектісі жайын сөз етті.
Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың маңызды бөлігі болып табылатын ауыл шаруашылығы саласындағы тауар айналымы өткен жылы 1,7 есе өсіп, 1,3 млрд доллардан асқан.
Ал, биылғы жылдың жартыжылдығында 648,1 млн долларды, оның ішінде экспорт - 460 млн долларды, импорт - 188 млн долларды құраған.
Бұл туралы бидай саудасы мәселесі бойынша келіссөздерге келген қытайлық делегациямен кездесу барысында айтылды. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров еліміз 3 млн тонна дәнді дақыл жеткізуге дайын екендігін хабарлады.
Қытай Халық Республикасының Даму және реформалау мемлекеттік комитетінің экономика және сауда департаментінің директоры Ван Цзяньцзюнь еліміз дәнді дақылдардың ірі жеткізуші болып табылатындықтан, импорт көлемін ұлғайтуға тілектестік білдіріп, кездесуде бидай саудасы ынтымақтастығын дамыту, логистика мәселелері талқыланды.
Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында 28 түрлі өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау туралы хаттамаларға қол қойылған. Қытайға тауарларды экспорттауға құқығы бар 1990 қазақстандық экспорттаушы кәсіпорын болса, оның 1948 өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорын және 42 мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорын.
Қытайда 2020 жылы аусыл ауруына байланысты енгізілген шектеулер биыл ақпан айында алынып, «Meat Processing and Service» ЖШС ҚХР-ға 20 тонна сиыр етін экспорттады. 2009 жылдан бастап мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпорында мал басы 1,2 мыңнан асып, бір мезетте 3 мың бас мал ұстайтын базасы бар.
Кәсіпорын еттің көтерме саудасын Омар, Иран, Бахрейнде жүзеге асырады.
Одан бөлек, Астанада өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 7-ші отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Suzhou Eavision Robotic Technologies Co арасында техникалық ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылды.
Eavision интеллектуалды ұшқышсыз ұшу аппараттарын, интеллектуалды роботтарды әзірлеуге және өндіруге арналған кәсіпорынның машиналары, бағдарламалары, жабдықтары көптеген салаларда қолданылса, ауыл шаруашылығында да елеулі қызмет атқаруда.
Аталған компанияның құрал-жабдықтары өсімдіктерді қорғау шараларын, жалпы ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттырады.
Сондай-ақ, отырыста Қытай ет қауымдастығымен техникалық алмасу және ет өнеркәсібіндегі ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Аталған құжат екі ел арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға, өнім сапасын жақсартуға, ет өнеркәсібіндегі технологиялармен алмасуға бағытталған.
Бұл саладағы Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығы қарқынды дамыған. Өткен жылғы тауар айналымы 1,7 млрд долларды құраса, биылғы жылдың 6 айында 758 млн долларды құрауда. Еліміз көрші елге астық, ет өнімдерін жеткізуге дайын.
Бүгінде экспорттаушы компаниялардың тізімінде мал шаруашылығын өндіретін 80 қазақстандық кәсіпорын болса, одан бөлек, 130-дан астам енгізу күтілуде.
Түркістан облысында 10 мың бас ірі қара мал бордақылау алаңы мен ет өңдеу кешені салынуда.
Қазақстанда теріні өңдеу бойынша 9 кәсіпорын жұмыс істейді, дегенімен бұд өндірістер тек 20-30 пайызға ғана жүктелгендіктен, еліміз Өзбекстанның былғары шикізатын өңдеу тәжірибесіне қызығушылық танытуда.
Мақта шаруашылығын дамытуда қарқынды жұмыстар жүргізіліп, мақта сапасын жақсарту мақсатында көршілес елден 1500 тонна жоғары репродукциялы тұқым импортталған.
Ал өзбек инвесторларымен бірлесе отырып, мақта-тоқыма кешені мен логистикалық хаб құру жоспарлануда.
Қазақстанда дәнді және майлы дақылдарды өсіру бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған.
Бұл саладағы ынтымақтастық Венгриямен де жақсы орнатылған. Бүгінде Венгрияда әзірленген заманауи технологияларды пайдала отырып, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында венгриялық Globalia Ltd компаниясы ауыл шаруашылығы индустриялық паркін құру жобасын іске асыруда.
Жалпы жобаны жүзеге асыру үшін венгриялық компания Ақмола облысының Аршалы ауданын таңдаған.
Мұнда озық тәжірибелер мен технологияларды пайдалана отырып, өнім берушіден бастап тұтынушыға дейінгі процестер қадағаланып, тауар сапасына мониторинг жүргізіліп отырады.
Алғашқы жылдары балық өсіру шаруашылығы қолға алынып, климаттың әсеріне, өзгеруіне бейімділіктері зерделенеді.
Венгр технологиясы бойынша тұқым өндірісін құру жоспарлануда.
Биыл шілде айының соңында Қазақстан мен Әзербайжанның ірі компанияларының қатысуымен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланған форум өтті.
Бакуде өткен форум аясында Қазақстанның астық өндірудегі жетістіктері мен Әзербайжанға бидай жеткізу мүмкіндіктері хабарланды.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК дәнді дақылдар мен жүгеріні қабылдап-тиеу және сақтауды жүзеге асыратын «Ақ Бидай-Терминал» АҚ-ның жалғыз акционері болып табылады және аталған компания Қазақстанда, Әзірбайжанда және Иранда астық терминалдары жүйесін басқарады.
Бұрындары елімізден Әзербайжанға 1 млн тонна астық жіберіліп тұрған, енді Қазақстан осы көрсеткішті қайта қалпына келтіру жолдарын қарастыруда.
Одан бөлек, отандық өндірушілер сүт және сүт өнімдерін, құс етін аталған елге эскорттай алады.
Сонымен қатар, екі ел арасындағы мал шаруашылығы саласындағы әріптестікті дамыту мақсатында ірі қара, ұсақ мал, түйе тұқымдастарының барлық түрлерін, консервілер, шұжық және басқа да айын өнімдерді эскорттау бойынша ветеринариялық сертификатқа қол қою келісілді.
Жалпы айтқанда, еліміз ауыл шаруашылығы өнімдерін арттырып, сапасын жетілдіру, озық технологияларды пайдалану арқылы бұл салада жетістіктерге жету, шет мемлекеттермен тәжірибелер алмасу мақсатында түрлі форматтағы кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізуде.