Қазақстанда КВИ жұқтырған дәрігерлерге енді өтемақы төленбейді

Жаңалықтар
21.10.2020, 18:59

Елімізде 13 мыңға жуық медицина қызметкері коронавирус жұқтырған

Қазақстанда КВИ жұқтырған дәрігерлерге енді өтемақы төленбейді

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеуді тоқтату мәселесін қарастырды. 20 қазаннан бастап COVID-19 анықталған медицина қызметкерлерінен өтемақы төлеу бойынша өтініш қабылдау тоқтатылды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов мәлімдеді.

«20 қазаннан бастап аймақтық комиссиялар медицина қызметкерлеріне әлеуметтік төлем бойынша өтініш қабылдауды тоқтатты. Жалпы, коронавирус жұқтырған 12 983 медицина қызметкерінің 9 309-ы төлем алады», - деді М. Шоранов.

Шорановтың мәліметінше, Медициналыұқ сақтандыру қорынан коронавирустан қайтыс болған 182 дәрігердің отбасына 10 млн теңгеден өтемақы төлеу аяқталған. Індеттен қайтыс болған медицина қызметкерлерінің жақындарына берілетін өтемақы алдағы уақытта да күшінде қалады.

«19 қазандағы жағдай бойынша, кәсіби қызметін атқару барысында COVID-19 жұқтырған 8 863 медицина қызметкері өтемақы (2 млн теңгеден – авт.) алды. Дәрігерлер қызмет бабында қауіпті вирусты жұмыста жұқтырған жағдайда, медициналық ұйым мен жергілікті атқарушы органдар қолдау көрсетуі тиіс. Мұндай жағдай медицина қызметкерлерін қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге түрткі болады», - деп түсіндірді бірінші вице-министр.

Вице-министрдің айтуынша, коронавирусқа қарсы күреске тартылған медицина қызметкерлерін ынталандыру және қолдау үшін үстемақы төлеу жалғасуда. Наурыздан қыркүйекке дейінгі аралықта жалпы сомасы 84,4 млрд теңге үстемақы төленген. Жыл соңына дейін қосымша 137 млрд теңге төленеді.

Сұхбат

PhotoRoom