Калачидегі «ұйқы дертіне» қатысты тағы бір болжам айтылды

Аймақ
27.10.2020, 15:26

Ауылдағы «ұйқы ауруына» қатысты зерттеу жұмыстары пандемияға байланысты уақытша тоқтап тұр

Калачидегі «ұйқы дертіне» қатысты тағы бір болжам айтылды

Калачи ауылындағы «ұйқы ауруының» себебін ұзақ уақыт зерттеп келе жатқан, профессор-эпидемиолог Байрон Крэйп бастаған Назарбаев университетінің ғалымдар тобы 2012 жылдың аяғы мен 2015 жылдың қазаны аралығында ауыл тұрғындарының неге «ұйқы ауруына» шалдыққаны туралы болжамын айтты.

«Калачи синдромын зерттеуде модельдеудің ғылыми әдісін қолдандық. «Ұйқы ауруына» шалдыққандар мен мен ауырмағандар арасындағы айырмашылық неде екенін егжей-тегжейлі зерттедік. Ұзақ жасалған талдау барысында біз аурудың тамаққа, созылмалы ауруларға немесе ауыл тұрғындарының зиянды әдеттеріне байланысты болуы мүмкін деген ондаған гипотезаны жоққа шығардық. Бірақ, содан кейін Калачидің барлық тұрғыны суды бір көзден - жергілікті тұрғынның жер асты сорғысынан ішетінін білдік. Әрине, ақшаға сатып алынған суды адамдар өздері ішті, бұл су үй жануарларына берілмеді. Өзен суын ішетін жануарлардың «ұйқы ауруына» шалдықпауы содан», – деді профессор Крейп.

Осылайша, ғалымдар судың химикаттармен улануы мүмкін деген қорытындыға келді. Организмнің химиялық интоксикациясы Калачи тұрғындары сипаттаған белгілерге ұқсас. Яғни, бас айналу, әлсіздік, «мас болу», тіпті галлюцинация сияқты белгілер.

«Химикаттар ауыз судың құрамына, мысалы, 80-ші жылдардың аяғынан бастап бос қалған уран кеніштері арқылы түсуі, әскерилер химиялық қалдықтарды тастап, кен орындарын стихиялық қоқыс жинау орындары ретінде қолданылуы мүмкін. Онда химиялық қару жасалып, жеке химикат-қалдықтар жерге көмілген болуы мүмкін», - дейді профессор Крейп.

Профессор кезінде химиялық қалдықтарды бөшкелерге немесе баррельдерге салып құтылған болуы мүмкін деген болжам келтірді. Айтуынша, резервуарлардың металын уақыт өте келе тот басып, бөшкелер ағып кетіп, нәтижесінде у жерасты суына түсуі мүмкін. Бұл сценарий Калачи ауылында да жүзеге асырылған болуы ықтимал.

Ауылда «ұйқы ауруы» соңғы уақытта пайда болмағандықтан, ғалымдардың гипотезасын жақын маңдағы уран кеніштерінің біріне түсу арқылы растауға немесе жоққа шығаруға болады. Ол жерге түсу адамдар үшін өте қауіпті, ескі кен орны кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін.

Енді ғалымдар Назарбаев университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебімен бірлесіп арнайы ұшқышсыз ұшақ жасап, сынама алу үшін аппаратты уран кен орындарына жібермек.

Қазір Калачидегі «ұйқы ауруына» қатысты зерттеу жұмыстары пандемияға байланысты уақытша тоқтатылды.

Анықтамалық ақпарат:

Калачи – Ақмола облысы Есіл ауданындағы ауыл. Аталмыш ауыл тосын келген «ұйқы ауруына» байланысты бүкіл әлемге әйгілі болды. Тұрғындар бірнеше күн бойы ұйықтап, оянғаннан кейін есін жоғалту, галлюцинацияға ұшырау сияқты сияқты белгілер бойынша шағымданды. Бұл мәселені зерттеу үшін әлемдік сарапшылар тартылды. Алайда ресми дәлелі табылған жоқ. Соңғы рет «ұйқы ауруына» қатысты жағдай 2015 жылы тіркелді.

Сұхбат

PhotoRoom