Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Германия Үкіметінің басшысы Олаф Шольц соңғы 14 жылда алғаш рет ресми сапармен келді.
Ақордада салтанатты қарсы алу рәсімі өтіп, екі елдің ресми делегациялары таныстырылып, құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, мемлекеттердің әнұрандары орындалды.
Одан кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц шағын құрамда келіссөздер жүргізіп, екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, көлік-логистика, энергетика, экология, ауыл шаруашылығы, білім беру, тау-кен өнідірісі салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.
Мемлекет басшысы Германияның Федералдық канцлеріне елімізге ресми сапармен келгені үшін алғысын білдіріп, бұл тарихи сапар мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты дамытуға серпін беріп, байланыстарды одан әрі нығайтуға жағдай жасайтынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Қазақстан Президентіне шақыруы үшін алғысын білдіріп, әріптестіктің маңыздылығына тоқталған Олаф Шольц, делегация құрамында іскер топтардың белді өкілдері келгенін жеткізді.
Сонымен қатар, келіссөздер барысында Ресей-Украина қарым-қатынасына қатысты Қазақстанның пікірі тыңдалып, еліміз Ресеймен ынтымақтастықты одақтастық, серіктестік негізінде жүзеге асырып отырғандығы хабарланса, украин халқы мен мәдениетіне құрметпен қарайтыны және ешқандай келіспеушіліктер болмағандығы, Қазақстан тек бейбітшілікті қолдайтыны айтылды.
Шағын құрамдағы келіссөздерден кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөз ұйымдастырылып, тараптар екі мемлекеттің халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығы, жаһандық қауіпсіздік, әлемдегі геосаяси ахуал мен климаттың өзгеруіне қатысты пікір алмасты.
Еуропадағы, тіпті жаһандағы негізгі серіктес саналатын Германиямен өткен жылы тауар айналымы 1,5 есеге өсіп, 4 млрд долларды құраса, биылғы жылдың өзінде 2,3 млрд долларға жетіп отыр.
Соңғы 20 жылға жуық уақыт аралығында 6,7 млрд долларға тікелей инвестиция тартылса, бүгінде неміс капиталының қатысуымен мыңнан астам компания жұмыс істеуде.
Германияның Федералдық канцлері қазақстандықтарға көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдіріп, тікелей инвестиция салу, сауда көлемін арттыру бойынша барлық жағдайлар жасалатынын айтты.
Екіжақты келіссөздер нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы ынтымақтастық туралы Бірлескен декларация қабылдады.
Декларацияда әр бағыттағы ынтымақтастық жеке-жеке қарастырылған. Мәселен, «Парламенттік дипломатияда» тараптар бір-біріне парламент делегацияларын жіберуге, сонымен қатар халықаралық парламенттік іс-шаралар аясында консультациялар кездесулер өткізеді. «Құқықтық ынтымақтастық» бағытында заңнамалық рәсімдер, сот жүйесі, адам құқықтарын қорғау, заңның үстемдігі, қылмыстық қудалау салаларында Неміс халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының (IRZ) қатысуымен өзара тәжірибе алмасады.
«Өнеркәсіп» бағытында жергілікті жерде өңдеу деңгейіне басымдық бере отырып Қазақстанның табиғи ресурстарын игеру бойынша бірлескен жобаларды іске асырады.
«Техникалық ынтымақтастық негіздерінде» 1997 жылғы екі ел арасындағы техникалық ынтымақтастық туралы келісімді күшінде қалдыруды шешті.
Одан әрі, Мемлекет басшысы Германияның жетекші компанияларының басшыларын қабылдап, мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйін талқылады.
Олардың қатарында Siemens Energy AG компаниясының басқарма төрағасы, Германия экономикасы Шығыс комитеті төрағасының орынбасары Кристиан Брух, KfW Bankengruppe компаниясының Халықаралық қаржыландыру жөніндегі басқарма мүшесі Кристиане Лайбах, CLAAS Group компаниясының басқарма төрағасы Ян-Хендрик Мор, SVEVIND Energy GmbH компаниясының президенті, Қазақстанның Саксониядағы құрметті консулы Вольфганг Кропп, Aurubis AG компаниясының басқарма төрағасы Торальф Хааг және тағы да басқалары бар.
Бизнес өкілдерімен кездесуден кейін «Қазақстан-Германия» бизнес форумы ұйымдастырылып, оған дейін ауыл шаруашылығы, логистика, машина жасау, тау-кен металлургиясы салаларындағы қазақ-герман бірлескен жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.
Бизнес форум аясында Президент Германия делегациясына алғысын білдіріп, тікелей тартылған инвестиция көлемі 64 пайызға өсіп, 770 млн долларға жеткен. Сонымен қатар, құны 55 млрд доллар болатын 66 бірлескен инвестициялық жоба келісілген.
Форум барысында инвестиция тарту, инвесторларға көрсетілетін қолдаулар жайында айтылып, елге 2029 жылға дейін 150 млрд доллар тікелей инвестиция тарту жоспарланғаны мәлімделді.
Германиялық кәсіпкерлер еліміздің табиғи ресурстарын өңдеуге шақырылып, Еуропа Одағына қажетті 34 сирек кездесетін материалдың 19 түрі өндірілетіні айтылды. Аталған табиғи ресурстар қоры арқылы өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту көзделуде.
Тағы бір ынтымақтастықтың бағыты – энергетика саласында. Бұл бағытта Қазақстан барланған мұнай қорының көлемі жағынан екінші орында тұратыны хабарланып, әлемдегі энергия тапшылығының азаюына ықпал етуге әзірлігі мәлімделді.
Бүгінде еліміз отандық өнеркәсіпке озық технологияларды тарту мақсатында неміс өндірісінің Қазақстанға келгенін қалайды. Мәселен, «жасыл» сутегін өндіріп, Еуропаға сату үшін немістің Svevind group компаниясы Қазақстанға 50 млрд доллар инвестиция салуда.
Президент елдегі дәрі-дәрмек, медицина жабдықтарын пайдаланудің дамып келе жатқанына тоқтап, фармацевтикалық ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған шаралар мен агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, агротехникалық инновациялар енгізу, жоғары сапалы технологиялар тарту жолдары талқыланды.
Бүгінде Біріккен Ұлттар ұйымы Қазақстанды цифрлық технологияларды енгізу жағынан үздік 30 елдің қатарына қосуда.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы хабарланып, елімізде инвестиция тарту артықшылықтары мен салық, виза, еңбек саясатына қатысты жеңілдіктер жайы айтылды.
Әр инвесторға көрсетілетін жеке қолдаулардың нәтижесінде 80 елден үш мыңға жуық компания тіркелсе, оның 20-ы германиялық компаниялар болып табылады. Осы ресми сапар қорытындысымен бұл компаниялардың саны артады деген сенім білдірілді.
Бизнес форум аясында екі елдің орталық және жергілікті мемлекеттік органдары, бизнес құрылымдары арасында 23 құжатқа қол қойылса, оның ішінде Техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Германия бастамаларының Жол картасы, «Жасыл сутегі» жобасына байланысты зерттеу жүргізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандум, Халықаралық жүк және жолаушылар әуежайының құрылысы бойынша жобаны бірлесіп іске асыру жөніндегі негізгі келісім, «Батыс Қазақстан облысындағы «Сәтімола» кен орны базасындағы калий тұздары мен бор қышқылын өндіретін байыту-өндірістік кешенін салу» жобасы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум және тағы да басқалары бар.