АЭС ҚҰРЫЛЫСЫ ЕЛІМІЗ ҮШІН ТИІМДІ ШЕШІМ

Рейтинг
19.09.2024, 15:17
АЭС ҚҰРЫЛЫСЫ ЕЛІМІЗ ҮШІН ТИІМДІ ШЕШІМ

Қазақстанда электр энергиясының 70 пайызы көмірден, 20 пайызы газдан және 2 пайызы күн, жел мен судан өндіріледі. Бүгінде электр қуаты жетіспеушілігі экономиканың, ауыл шаруашылығының дамуына, ірі өнеркәсіптік нысандардың ашылуына және тағы басқа салаларға кедергі келтіруде. Кәсіпорындарға электр энергиясын тұрақты, тәулік бойы жеткізу қажет. Атом энергетикасы осы талаптарға толық жауап береді. Қазір Қазақстанда электр станцияларының қуаты 20 Гигаваттқа жетпейді. Бес жылдан кейін бұл жеткіліксіз болуы мүмкін. 2035 жылы біздің елге шамамен 25 ГигаВатт қажет болады.

Атом электр станциясының құрылысы – бұл көптеген салалардың дамуын өзінің соңынан тартатын жоғары технологиялық процесс. Аталмыш тақырып қозғалса адамдар әуелі қауіпсіздік мәселесін сұрайтыны да орынды.  Құрылыстың мультипликативті әсері ғылым үшін, өнеркәсіп, кадрлар даярлау үшін де сөзсіз тиімді болады. Атом электр станциясынан ешқандай зиян болмайды, өйткені бүгінгі күні III және III+ буын реакторының құрылысы ұсынылады. Бұл реакторлар белсенді және пассивті заманауи қауіпсіздік деңгейлерімен жабдықталған. Реактор қалыпты жағдайдан шыққан жағдайда қауіпсіздік жүйесі оны оңтайлы жұмыс режиміне қайтарады. Егер біз жақын арада атом электр станциясының құрылысын бастамасақ, онда 2030 жылға қарай біз 90-шы жылдарға қарай кері қайтамыз деп ойлаймын. Сағаттап электр қуатын тұтынаты, ошаққа ас дайындайтын заманға кім оралғысы келсін? 


АЭС көмір немесе табиғи газ сияқты қазбалы отындарды пайдаланбайды, яғни атмосфераға зиянды газдар шығармайды. Бұл парниктік газдарды азайтуға және климаттық өзгерістермен күресуге көмектеседі. АЭС ұзақ мерзімді перспективада экономикалық тиімді. Бір рет салынған станция ондаған жылдар бойы тұрақты түрде энергия өндіре алады. Уранның аз мөлшерімен көп энергия өндіріледі, ал Қазақстан уран қоры бойынша әлемде бірінші орында тұр, бұл отынның қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Күн және жел сияқты жаңартылатын энергия көздері ауытқымалы сипатта болады, яғни олар тұрақты түрде электр энергиясын өндіре алмайды. АЭС жаңартылатын энергия көздерін толықтыратын тұрақты энергия көзі болуы мүмкін.

АЭС Қазақстанның энергетикалық, экономикалық және экологиялық мақсаттарына жету үшін қажет болуы мүмкін. Ол елдің тұрақты және экологиялық таза энергия көзіне көшуіне ықпал етіп, энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Файз Нұрсұлтан Сапарұлы
М.Әуезов атындағы ОҚУ
Энергетика кафедрасының PHD докторы,  доцент

Сұхбат

PhotoRoom