Әліппені енгізу 2021-2022 жылдарға жоспарланып отыр – БҒМ

Жаңалықтар
02.11.2020, 13:51

Әліппе бағдарламасының бекітіл

Әліппені енгізу 2021-2022 жылдарға жоспарланып отыр – БҒМ

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова онлайн брифингте әліппе бағдарламасының келер жылдың қаңтар айында апробацияға енгізілетінін айтты.

«Бұрыннан оқулық жазып жүрген авторлардың қатысуымен әліппе бағдарламасының жұмысы аяқталып, әліппенің оқу бағдарламасына қатысты оқулықтар әзірлеу жұмысы басталды. Келер жылдың қаңтар айынан бастап оқулықтар апробацияға енгізілетін болады. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі апробация өткізетін пилоттық мектептердің тізімін бекітті. Сол мектептерде әліппе бағдарламасы зерделенетін болады. Одан кейін оқулық әзірлеудің барлық кезеңіне байланысты толық сараптама жүргізіледі. Сараптамадан өткен соң оқулықтар енгізіледі. Жалпы, әліппені енгізу 2021-2022 жылдарға жоспарланған. Бағдарламаны әзірлеу жұмысы жоспарға сай жүйелі түрде жүргізіліп келеді», – деді ол.

Вице-министр әліппе бағдарламасының бекітілгенін айтты.

«Бүгінде әліппе оқу бағдарламасын жасау жұмысы аяқталып, бекітілді. Әліппе бағдарламасын жасаудың маңыздылығына тоқталғым келеді. Біріншіден, оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттағанда танысатыны әріптер, дыбыстар, оның жүйелілігі. Осы орайда әліппені қайтарудың маңызы зор екенін айтқым келеді. Өйткені әліппе оқушының жас ерекшелігі мен физиологиялық ерекшелігіне сай болуы керек. Бүгінде оқушылар мектепке алты жастан қабылданады. Бұл тұрғыда жұмыс тобы үлкен жұмыс жүргізді. Айта кетерлігі, әліппенің ғылымилығы басты назарға алынды. Ең бастысы, әліппе арқылы әріптер мен дыбыстардан сөз құрау, олардың дыбысталуы жүйелі әрі әдістемесі дұрыс болуы керек. Сондықтан осы жұмыс тобына тілдік бағыттағы ғалымдар, әдеби оқыту жөніндегі ғылыми мамандар енгізілген болатын. Осы ретте әліппенің ғылымилығына басты негіз берілді. Сонымен қатар жұмыс тобының қатарына мектептердегі бастауыш сыныптарда сабақ беретін практик мұғалімдер де кірісіп, жобаға практикалық жағынан да ерекше мән беріліп отыр», – деді ол.

Сұхбат

PhotoRoom