Орталық Азия – Германия ынтымақтастығы қарқынды дамуда

Рейтинг
21.09.2024, 18:24

Астанада Орталық Азия мемлекет басшылары мен Германия Федералдық канцлері кездесіп, стратегиялық серіктестіктің маңызды тетіктерін талқылады.

Саммитті ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен жиынға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, «Орталық Азия – Германия» форматындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.

Кездесуде былтыр Берлинде 5+ форматы негізінде бастау алған диалог аясында атқарылған жұмыстар қорытындыланып қана қоймай, алдағы жоспарлар, көлік-логистика, білім, инвестиция, сауда, энергетика, экология және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Германияның озық технологиясы мен инвестициясы барлық саммитке қатысушы мемлекеттердің экономикасына оң әсерін тигізуде және әрқайсысымен тең құқылы серіктестікті дамытуға ниетті. Оның бір дәлелі Германияның социал-демократиялық партиясы қабылдаған «Орталық Азия: байланыс және мүмкіндік» атты бағдарлы құжаты.

Еуропа Одағының ірі экономикасы саналатын Германиямен серіктестікті нығайта түсу еліміз және Орталық Азия мемлекеттері үшін басты басымдық болып табылады. Осы ретте Қазақстан Президенті бірлескен жұмыстың 7 бағытын атап өтті.

Біріншісі, бірлескен тиімді жобаларды жүзеге асыру арқылы тауар айналымын ұлғайта отырып, сауда көрсеткішін арттыру, тауарлардың санын көбейту. Бұл ретте еліміз Германияға 850 млн долларды құрайтын тауардың 100 түрі бойынша экспорт жасауға дайын.

Екіншісі, энергетикалық саладағы ынтымақтастық. Оның аясында Қазақстан неміс нарығына тасымалданатын мұнай көлемін арттыруға дайын. Сутекті энергетикадағы серіктестікті талқылай келе, бүгінде Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжанмен талқыланып жатқан Каспий теңізінің табаны арқылы Еуропа елдеріне «жасыл» энергетиканы жеткізу желісін салуға қатысуға Германия тарапын шақырды.

Келесі бағыт – өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға бағытталған. Оның аясында еліміз неміс команияларымен бірлесіп сирек кездесетін металдарды геологиялық барлау мен игеруге шақырды.

Тағы бір бағыт ретінде көлік-логистика саласындағы қарым-қатынасты дамытуға бағыттап, Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта дәлізді» дамытудың инвестициялық перспективасын жоғары бағалай отырып, оны дамыту үшін еуропалық серіктестердің 10 млрд еуро бөлу туралы шешімін қолдайтынын жеткізді.

Президент «жасыл» энергияға көшу, су ресурстарын сақтау мәселелеріне тоқтала отырып, Германия көп жылдардан бері экологияны жақсарту, климат өзгеру салдарымен күресу, су-энергетика саласының тиімділін арттыру мәселелерінде Орталық Азиямен тығыз жұмыс жасап жатқанын атап өтті. Бүгінде еліміз Халықаралық Аралды қорғау қорына төрағалық ете отырып, қоршаған ортаны қорғаудың өңірлік бағдарламасын жүзеге асыруда бірлескен жұмыстарды одан әрі жандандыруға шақырды.

Келесі бағыт – білім-ғылым саласындағы ынтымақтастыққа бағытталғаны аталып, оның аясында Президент Германияның бұл саладағы қауымдастығын жасанды интеллект, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша әріптестікті нығайтуға шақырды.

Соңғы бағыт ретінде халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға бағыттай отырып, мемлекеттердің Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы тығыз қарым-қатынастарына тоқталып, 2027-2028 жылдары Ұйымның Қауіпсіздің Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ұсынған Қырғызстан Республикасына сәттілік тіледі.

Саммитте сөз алған ГФР Федералдық канцлері Олаф Шольц Орталық Азия – Германия форматындағы кездесудің екінші рет өтіп жатқаны ынтымақтастықтың маңыздылығын дәлелдейтінін атап өтіп, аймақ қысқа уақыт ішінде тез дамып отырғанын айтты.

Орталық Азия мен Германия қарым-қатынастарының стратегиялық деңгейге 2023 жылы шыққанын атап өткен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров жаһандық жылыну проблемасын көтере отырып, бұл бағыттағы күреске бірлесе күш біріктіруге шақырды.

Саммит қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекет басшылары мен Германия Федералдық Канцлерінің бірлескен мәлімдесі қабылданып, оны жүзеге асыру бойынша Президенттер Германияның ірі бизнес өкілдерімен кездесті.

Орталық Азия – Германия ынтымақтастығы қарқынды дамуда

Бірлескен мәлімдемеде бейбітшілікті, қауіпсіздікті, заң үстемдігін қамтамасыз етуде бірлесе жұмыс жасауға ниеттерін білдірді. Онда көшбасшылар климаттың өзгеруі, дүниежүзіндегі денсаулық сақтау, азық-түлік қауіпсіздігі секілді жаһандық сын қатерлерге, терроризм мен экстремизмге, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз қаржылық ағымдар, қару-жарақтың таралуына, киберқауіпсіздікке, ақпараттық соғысқа және басқа да қауіп-қатерлерге ерекше назар аударды.

Жастар арасында радикализм мен экстремизмнің алдын алу бойынша тәжірибе мен ақпарат алмасу мүмкіндіктерін одан әрі зерделеуге қызығушылық танытты.

Германияның Лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі бірлескен орталығының озық тәжірибесін құқық қорғау органдары қызметкерлерін оқыту, жұмысқа тарту және біліктілігін арттыруда пайдалану мүмкіндігін қарастырды.

Мемлекеттер басшылары көші-қон саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық білдіріп, білім беру саласындағы серіктестікті дамытуға дайын екендіктерін жеткізді.

Бірлескен мәлімдемеде аймақтағы темір жол қатынастарын жақсарту маңызыдылығына тоқталып, бұл бағытта Транскаспий дәлізін дамытуға келісті.

Одан бөлек, энергетика саласындағы әріптестікті нығайту, бұл бағыттағы энергия жүйелерін түрлендіріп, энергиямен жабдықтау қауіпсізігін арттыруда тәжірибемен алмасуға келісті.

Сонымен қатар, мәлімдемеде Орталық Азиядағы табиғатты қорғау бойынша серіктестікті дамыту, Арал теңізінің тартылуына орай орын алған экономикалық, экологиялық, энергетикалық мәселелерді шешуде бірлесе жұмыс жасауға уағдаласты.

Халықтар арасындағы білім және ғылым салаларындағы қарым-қатынастар, тіл мен мәдениет, жастар, спорт, тарихи-мәдени мұраны сақтау бағыттарындағы ынтымақтастық назардан тыс қалмады.

Сондай-ақ неміс тарапы келер жылы Германияда сыртқы істер министрлерінің кездесулерін өткізуді ұсынып, қатысушылар тарапынан қолдау тапты.

Жетекші неміс компаниялар басшыларымен кездесуде экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды. Германия – технологиялық инновация саласындағы көшбасшылардың бірі болса, Орталық Азия қарқынды дамып келе жатқан, тиімді серіктестікті орнатуға мүмкіндік беретін аймақ. Бұл аймақ Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын алтын көпір ретінде түрлі салалардағы ынтымақтастықты орнатуға дайын. Оның ішінде, энергетика, көлік, қаржы, ауыл шаруашылығы, шикізатты өндіру, ақпараттық технология салаларында кооперацияны нығайтудың перспективасы жоғары.

Кездесуге қатысушылар Экономикалық кеңес құру туралы ұсынысты қолдап, аталған орган неміс инвестициясын тартуда, сонымен қатар Орталық Азия мен Германия арасындағы ынтымақтастықты дамытуда белсенді рөл атқаратын болады.

Сонымен қатар, жиында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, ГФР Федералдық канцлері Олаф Шольц, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ Siemens Energy AG, KNAUF Gruppe, Ernst Klett AG, CLAAS Group, Siemens Healthineers AG және тағы да басқа неміс компанияларының басшылары мен өкілдері сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысымен ГФР Канцлері мен Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан президенттері осындай маңызды іс-шаралар ұйымдастырған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыстарын білдірді.  

 Айта кету керек, елімізде неміс капиталымен 1 мыңнан аса компаниялар жұмыс жасап, 2005 жылдан бері 7 млрд долларға жуық қаржы құйылған.

Сұхбат

PhotoRoom