Тәжікстанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ТМД мемлекетаралық кеңесі өтті

Рейтинг
22.09.2024, 10:07

Душанбеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекетаралық кеңесінің отырысы өтіп, оған Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдарының басшылары, Қырғызстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің Бас прокурорлары қатысты.

Отырыс барысында жемқорлыққа қарсы бағытта бірлескен тұрақты жұмыс тобын құру, озық тәжірибелермен алмасу, жемқорлыққа қарсы іс-қимылда ұсыныстар әзірлеу, бұл салада ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллекті пайдалану жолдары талқыланды.

Кездесуге қатысқан еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатынан, активтерді қайтару бойынша атқарылған жұмыстардан, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы озық тәжірибелерден хабардар етті.

Отырыс нәтижесімен Кеңестің келесі жылға арналған бардарламалық құжаты бекітілді.

Тәжікстанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ТМД мемлекетаралық кеңесі өтті

Одан әрі, Асхат Жұмағали ТМД елдерінің құқық қорғау органдарының басшыларымен жеке-жеке кездесіп, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Ресейдің Бас Прокуроры И.Красновпен екіжақты кездесуде криптовалютаны жемқорлық мақсатында пайдалану, сыбайлас жемқорлық схемалары мен олардың алдын алу жолдары, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мен оларды жою, жемқорлықтың алдын алуда жасанды интеллектіні енгізу, сонымен қатар қызметкерлерді оқытуда тәжірибемен алмасу жайлары қаралды.

Тәжікстанның Мемлекеттік қаржылық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің директоры С.Сұлтонзодамен кездесуде адамдарды іздестіру, жемқорлықтың алдын алу іс-шаралары, қылмыстық істер бойынша жекелеген тапсырмаларды орындау және басқа да мәселелерді қарастырды.

Өзбекстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің директоры А.Бурхановпен және Ресейдің Қаржы мониторингі жөніндегі федералды қызметінің директоры Ю.Чиханчинмен кездесулерде жедел ақпараттар алмасу, ақша қозғалысын мониторингтеу, цифрлық шешімдерді пайдалану, жемқорлықтың алдын алудағы жобаларды талқылады.

Екіжақты кездесулердің қорытындысы бойынша 2025-2026 жылдарға арналған өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен жоспарлар мен бағдарламаларға қол қойылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі бұл саладағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатындағы жұмыстарды жалғастырмақ.

Сұхбат

PhotoRoom