Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғаш мемлекеттердің бірі – Пәкістанмен бүгінде тығыз қарым-қатынас орнаған. Екі ел арасындағы әріптестік географиялық жақындығы мен мәдени байланыстардың арқасында қарқынды дамуда. Пәкістан 1992 жылы елімізде Елшілігін ашып, 30 жылдан астам уақыт аралығында түрлі салаларда серіктестікті дамытуда.
Мәселен, биылғы жылдың қыркүйегінде Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Пәкістан Парламенті Сенатының Халықаралық істер жөніндегі комитетінің Төрағасы, PML (N) парламенттік фракциясының көшбасшысы Ирфан уль-Хак Сиддикимен кездесуде логистика, білім беру, сауда, мәдениет және басқа да салалардағы ынтымақтастың дамуы мен жоспарларын талқылады.
Кездесуде қазақстандық дипломат Президенттің биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының негізгі бағыттарымен таныстырып, еліміздің ШЫҰ-дағы төрағалығының нәтижелерінен хабардар етті.
Сонымен қатар тараптар екі ел аумағы арқылы жүк тасымалдау бойынша пилоттық жобаның сәтті жүзеге асырылғанын атап өтті.
Ал пәкістандық Сенатор Қазақстанмен қарым-қатынасқа ерекше мән беретінін айтып, әсіресе жастар арасындағы байланысты дамытуға баса назар аударды.
Қорытындысымен Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамыту бойынша жобаларды талқылап, оларды бірлесе жүзеге асыруға келісті.
Сауда саласындағы әріптестік Исламабадта өткен сыртқы экономикалық және сауда қызметіне жауапты министрлердің 23-ші кеңесі мен ШЫҰ Іскерлік және инвестициялық конференциясында да талқыланды.
Еліміздің Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов онлайн қатысса, конференцияға арнайы қатысқан Елші Ержан Қыстафин пленарлық отырыста сөз сөйлеп, Қазақстан мен Пәкістанның сауда-экономикалық байланыстары мен нақты бағдарларына, одан бөлек еліміздің ШЫҰ-ға төрағалығы кезіндегі басымдықтарына тоқталды.
Ұйымға мүше мемлекеттердің Сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары, іскер топтардың өкілдері қатысқан жиында Елші Е.Қыстафин еліміздің сауда әлеуеті мен инвестициялық қолайлығына арналған стенд ұйымдастырып, инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаулардан хабардар етті.
Екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы, банк, химия өнеркәсібі, туризм, логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатындағы кездесу «Pakistan Muslim League (Zia-ul-Haq Shaheed)» саяси партиясының президенті Мұхаммед Ижаз-ул-Хак мырзамен және «Data Agro Ltd» компаниясының басшысы Фаиз Рахим Хан мырзамен өтті.
Қазақстандық дипломат Е.Қыстафин Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуынан, шет мемлекеттермен өнеркәсіп саласындағы байланыстарынан, сонымен қатар тартылған инвестициялар мен мемлекеттік қолдаулар жайында мәлімет берді.
Ал, Мұхаммед Ижаз-ул-Хак мырза екіжақты серіктестікке қызығушылық танытса, Фаиз Рахим Хан компания жайынан ақпарат беріп, Қазақстанмен ауыл шаруашылығы, IT салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлетінін жеткізді.
Кездесу қорытындысымен Пәкістан кәсіпкерлерін қолда бар әлеуеттерді зерделеу үшін Қазақстанға сапарын ұйымдастыру келісілді.
Ғылым саласындағы ынтықатастықты дамыту, ортақ жобаларды жүзеге асыру мақсатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биотехнология кафедрасының профессорлары Пәкістанда өткен «Метагеномика негізінде вирустық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау тәсілі» тақырыбындағы халықаралық оқыту семинарына қатысты.
Іс-шара барысында екі тараптар арасындағы білім беру ұйымдары, ғылыми-зерттеу институттарының байланыстары мен жалпы Қазақстандағы білім, ғылым салаларын дамытуға арналған жобалар мен оның жүзеге асырылуы туралы айтылды.
Қазақстан Елшісі Е.Қыстафин Пәкістанның Өңірлік зерттеулер институтының Президенті, Елші Джохар Салиммен кездесуінде түрлі салалардағы Қазақстан-Пәкістан ынтымақтастығын дамытудың болашағы мен бірлесе жұмыс атқарылатын негізгі басымдықтарды талқылады.
Тараптар бүгінде сауда, білім, логистика, мәдениет салаларындағы атқарылған жұмыстар хабарланып, Джохар Салим ғылыми-зерттеу институтының қызметінен хабардар етіп, бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстарды ортаға салды.
Кездесу қорытындысымен қыркүйек айында бірлескен конференция ұйымдастыру келісілді.
Қорыта келе, Қазақстан шет елдермен, соның ішінде Пәкістанмен барлық салалардағы ынтымақтастықты арттыру бағытында түрлі бағыттардағы іс-шараларды, кездесулерді ұйымдастырып, келісімдерге келіп, маңызды құжаттарға қол қоюды жалғастырмақ.