«Білімі жоқ ел – беделсіз»: экс-министр білім жүйесін қайта қарауды ұсынды

Жаңалықтар
18.11.2020, 17:46

Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов баяндама жасады

«Білімі жоқ ел – беделсіз»: экс-министр білім жүйесін қайта қарауды ұсынды

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің басшысы Мұрат Бақтиярұлының төрағалық етуімен «Ұлттық құндылықтар – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған дөңгелек үстел болды. Бұл - парламенттік тыңдауға дайындық аясында өткен шара.

Отырысқа сенаторлардан бөлек ақпарат және қоғамдық даму, мәдениет және спорт, білім және ғылым министрліктерінің басшылығы, сондай-ақ Мәмбет Қойгелдиев, Асылы Османова, Рахман Алшанов, Уәлихан Қалижанов, Анар Фазылжанова және басқа да көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Бүгінгі ғылым мен білімнің, техника мен технологияның дамыған заманында жас ұрпақ өте үлкен ақпарат ағынының астында қалып қоюда. Бұл ретте біз өз еліміздің ұлттық құндылықтарын үнемі алғы шепке шығарып дәріптеп, тірілтіп отырмасақ, жастарды ұлттық болмысынан айрып алу қаупі басым екенін айтқым келеді. Бүгін де осы мәселелер жайлы Сіздердің терең, зерделі ұсыныстарыңызды тыңдаймыз деп үміттенемін», - деді комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы.

Негізгі баяндама жасаған сенатор Бақытжан Жұмағұлов еліміздің әр отбасына, жеке азаматына қатысты ұлттық жоба қажет екенін айта келіп, осы тақырып бойынша Парламенттік тыңдау өткізу идеясы туындағанын атап өтті. Сенатор өзгеден гөрі – өзін, қоғамнан гөрі – жеке отбасының пайдасын ойлайтын, рухани жағынан біршама жүдеу, білім жағынан саяздау ұрпақ көбейгеніне алаңдаушылық білдірді.

Сенатор Мемлекет басшысының жолдауындағы айтқанын ескеріп, ойын ортаға салды. «Ұлы даланың ұлттық құндылықтары» тұжырымдамасын таныстырған сенатор ел дамуының осы кезеңінде маңызды болып табылатын бес бағыт: тәуелсіздік және тарихи таным; ел мен жер; тіл және имандылық; ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие; білім мен біліктілік тұжырымдаманың негізін құрайды.

«Бала – бесіктен тәрбие алады. Ұлттық дәстүрді бойға сіңіреді. Ана жолдан тайса – ұлт жолдан таяды. Әке жолдан тайса – ұлт тозады. Қоғам жолдан тайса – Тәуелсіздіктен айрылады. Ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие – патриотизмнің бастауы. Бесіктен тәрбиелеу – ұлттық ұғым кепілі. Білімі жоқ ел – беделсіз, ғылымы жоқ ел – бедерсіз. Қалыптасқан жағдайда білім мен ғылымның жүйесін қайта қарау керек.

Ұлттық құндылықтарымызды Қазақстанның әрбір азаматының санасына енгізу және орнықтыру қажет. Бүгінгі дөңгелек үстелдің де көздеген мақсаты осы. Бірлесе, іргемізді ыдыратпайтын, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын көзқарас қажет. Әрбір Қазақстан азаматының бойына ұлттық патриотизмді қалыптастыратын жолдарын айқындап берген дұрыс болар еді. Сонда ғана, тәуелсіз елімізде ұлттық құндылықтарымызды күнделікті өмірге енгізе аламыз», - деді Бақытжан Жұмағұлов.

Сұхбат

PhotoRoom