Шымкент: Обыр ауруына шалдыққан адамға ота сәтті жасалды

Аймақ
20.11.2020, 10:54

Шымкент қалалық Онкология орталығының мамандары жыл басынан бері қатерлі ісікке шалдыққан 35 науқасқа маммопластика отасын сәтті жасап шыққан

Шымкент: Обыр ауруына шалдыққан адамға ота сәтті жасалды

Шымкент қалалық Онкология орталығының мамандары сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдерге маммопластикалық ота жасауда.

Қалалық Онкология орталығындағы маммология бөлімшесінде медициналық сақтандыру бойынша 2020 жылдан бастап қатерсіз ісіктерге ота тегін жүргізілуде. Осы уақытқа дейін бұл оталар ақылы жасалып келген еді. Енді 2020 жылдың қаңтар айынан бастап маммология бөлімшесінде әлемнің тек алдыңғы қатарлы клиникаларында ғана жасалатын маммопластикалық оталар істелуде.

Жуырда дәрігерлер осындай отаны обыр ауруына шалдыққан 32 жастағы әйелге сәтті жасап шықты. Науқастың оң жақ сүт безінен қатерлі ісік анықтаған. Отаның алдында науқас 8 курс химиотерапия емін қабылдады. Хирургтар ота кезінде қолтық асты лимфа түйіндерін, тері мен емізікшені сақтай отырып, сүт безін хирургиялық жолмен алып тастады. Одан кейін арқадағы жалпақ бұлшық етін алып, көкірек тұсына өзінің терісін пластикалық жолмен қондырды.

Мұндай отаның артықшылығы – әйелдің сүт безі толық алынып тасталмайды, яғни, психологиялық тұрғыда ешқандай жарақат алмайды. Екіншіден, имплант немесе эндопротездерді сүт безінің орнына қойғанда, бөгде заттың іріңдеуі немесе бөгде затты ағзаның қабылдамауы деген асқынулар болмайды.

«Бұған дейін сүт безінің ісігіне шалдыққан науқастардың сүт безін толық алып тастайтынбыз. Бұл әдетте жас қыздар үшін психологиялық жарақат ретінде өте ауыр тиетін. Ал маммопластика отасының нәтижесінде науқас әйелдердің көкірегін қайта қалпына келтірудеміз. Яғни, отаның импланттан тиімді тұстары көп», – дейді орталықтың маммология бөлімінің меңгерушісі Ербол Оңғарбаев.

Айта кетейік, қалалық Онкология орталығының мамандары жыл басынан бері қатерлі ісікке шалдыққан 35 науқасқа маммопластика отасын сәтті жасап шыққан. Дәрігерлердің сөзінше, маммопластикадан кейінгі оңалту әдеттегідей ұзақ уақыт пен ауырсынуды создырмайды.

Сұхбат

PhotoRoom