Шымкент: "Зорлық-зомбылықсыз отбасы" акциясы бойынша дөңгелек үстел өтті

Аймақ
02.12.2020, 12:32

Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін талқылауға жиналған түрлі мекеме өкілдері биылғы карантиндік шектеу кездерінде үйдегі зорлық-зомбылық құрбандары көбейгенін атап өтті

Шымкент: "Зорлық-зомбылықсыз отбасы" акциясы бойынша дөңгелек үстел өтті

Шымкент қаласы "SHANYRAQ" Отбасы институтын қолдау орталығында «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» акциясы бойынша дөңгелек үстел өтті. Жиынды ұйымдастырушылар – Әл-Фараби АПБ ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Калиева Айгүл мен Шымкент қаласы әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова. Аталмыш дөңгелек үстелге медиатор Б. Джумабаева, «Самғау сенім» орталығының директоры Ф. Байзакова, психологиялық орталықтың директоры Г. Вероцкая , Әл-Фараби және Еңбекші АІІБ өкілдері А. Калиева, А. Төрехан, «Сана сезім» орталығының өкілі Б. Сугралиева және БАҚ өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел барысында 2014 жылдан бастап өз жалғасын тауып келе жатқан 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өткізілетін, «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы аясында біраз өзекті мәселелер ортаға салынды.

Қазіргі таңда отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау жөніндегі құқықтық міндеттемелерін орындау мақсатында мемлекетіміз барлық шараларды қабылдап отырғанына қарамастан, кейбір отбасыларда аналарға және балаларға ерлері яғни жұбайы әкелері тарапынан жасалатын физиологиялық, психологиялық зәбір көрсету тыйылмай отыр. Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін талқылауға жиналған түрлі мекеме өкілдері биылғы карантиндік шектеу кездерінде үйдегі зорлық-зомбылық құрбандары көбейгенін атап өтті. Баян Айтбековна сөзінде 600-ден аса отбасы мүшелерінен осы тақырыпқа орай шағым түскенін, шектеу шаралары агрессорлардың құрбандарына қысым көбейгендіктен қиын уақыт болғанын баса айтты.

"REFRAME" тұлғаны дамыту орталығының басшысы Гүлжан Вероцкая осындай қиын жағдайда отбасыны бірден ажыратып жібермей, керісінше сақтап қалуға тырысу қажет екенін, ол үшін сол отбасының тірегі - ер адамның психотерапиялық емдеу сағаттары арқылы агрессиядан арылуына ықпал етіп, отбасына бет бұрғызу жолымен, психолог көмегімен зорлықтан аулақтауға жәрдемдесу қажет деді. Сонда ғана асырушысынан айырылған отбасы, алиментсіз қалған балалардың саны азаяды. Түрлі техникаларды қолдану арқылы зорлыққа бейім еркектің де мінез-құлқын өзгертуге болатынын айтып өтті.

«Самғау сенім» орталығының директоры Фарида Байзахова осындай отбасында зорлық-зомбылық көріп, шаңырағы шайқала бастаған 7 әйелдің 14 баласымен бірге орталықты паналап жүргенін, олармен түрлі мамандар жұмыс жүргізіп отырғанын баяндады. Отбасында қиындық көрген аналар уақытша қолдау алу, психолог кеңесін алу арқылы өз шаңырағын сақтау үшін осы жерде барынша жәрдем алуда.

Дөңгелек үстелге жиналған түрлі мекеме өкілдері келешекте отбасының жүрегі – әйел-аналарымызды қорғап-қолдау мақсатында бірлесе жұмыс жүргізуге барынша күш-жігер салу туралы қорытынды жасап тарқады.

 

Тегтер:
Шымкент

Сұхбат

PhotoRoom